Malim.kz
Қоғам

"Күйеуімнің басына барып жиі жылаймын": Әнші Роза Рымбаева ел естімеген шындығын ашып айтты (ВИДЕО)

Мадияр Қапанбек
ашық дереккөзден

Қазақстанның халық әртісі Роза Рымбаева жеке өміріне қатысты әсерлі ойын бөлісті, деп хабарлайды Malim.kz.

Өнер иесі "Соңғы рет қашан жыладыңыз?" деген сұраққа шынайы жауап беріп, сезімін бүкпесіз жеткізді. Оның айтуынша, ол жиі жылайды – сахнада образға еніп те, өмірде де көз жасына ерік береді.

"Мен өте жиі жылаймын. Сахнада образға кіріп те жылаймын, күйеуімнің басына барып та жылап аламын. Ұмітілмайтын өзімнің жан-жарымсыз бүгін Роза Рымбаева болып тұрар ма едім? Қалай сағынбаймын? Оның деңгейіне жеткен, сол сияқты дәрежесі жоғары адамды мен кездестірмедім, іздемедім де. Күйеуімді ешкім алмастыра алмайды. Ол мәңгі жүрегімде", – деді әнші.

Желі қолданушылары әншінің шынайы сөздеріне бейжай қарамай, оған қолдау білдіруде. Көпшілік Роза Рымбаеваны парасатты тұлға, үлгі боларлық жан ретінде бағалап, жылы лебіздерін жаудырып жатыр.

Деректерге сүйенсек, Тасқын Оқапов қазақ музыка өнерінде өзіндік қолтаңбасы бар дарынды музыкант болған. Ол 1999 жылы, кенже ұлы дүниеге келер алдында өмірден өткен.

Қазақстанның халық әртісі Роза Рымбаева мен Тасқын Оқаповтың екі ұлы бар – Әли және Мәди. Үлкен ұлы Әли Оқапов бүгінде танымал әнші, биші әрі продюсер ретінде көпшілікке белгілі. Ал кіші ұлы Мәди Рымбаев да музыка саласында өз орнын табуда.

2023 жылы Роза Рымбаева әже атанып, отбасында қуанышты жаңалық болды. Әли Оқапов пен оның жары Ақерке Бүркітбайдың шаңырағында Зейін есімді сәби дүниеге келді.

Роза Рымбаева – қазақ эстрадасының ең жарқын тұлғаларының бірі. Ол 1957 жылы Шығыс Қазақстан өңірінде дүниеге келген. Өнер жолын 1975 жылы бастап, алғашында "Гүлдер" ансамблінде, кейін "Арай" ансамблінде өнер көрсетті.

Әншінің шығармашылық жолындағы ірі жетістіктердің бірі – 1977 жылы Болгарияда өткен «Алтын Орфей» халықаралық байқауында Гран-при иеленуі. Оның орындауындағы "Әлия", "Атамекен", "Айгөлек", "Куә бол", "Гүлдене бер, туған жер" сынды әндер қазақ эстрадасының алтын қорына енген.

Көпжылдық еңбегі үшін Роза Рымбаева бірқатар мемлекеттік марапаттарға ие болды. Ол "Парасат", "Құрмет", "Халықтар достығы" ордендерімен және Қазақстан Республикасының мемлекеттік сыйлығымен марапатталған. Халық арасында "Қазақ примадоннасы", "Қазақстанның алтын дауысы", "Орта Азия бұлбұлы" деген атақтармен кеңінен танылған.

Айта кетейік, әнші бұған дейін өмірлік серігі Тасқын Оқаповты сағынышпен еске алып, жүрекжарды сөздер айтқан болатын.

Мадияр Қапанбек
Автордың басқа материалдары