Malim.kz
Қоғам

Күні кеше ауруханадан шыққан Сара Назарбаева бүгін 85 жасқа толды

Мадияр Қапанбек
facebook.com/bobek.samopoznanie. Суретте: Сара Назарбаева

Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жұбайы Сара Назарбаева 85 жасқа толды, деп хабарлайды Malim.kz.

Сара Алпысқызы 1941 жылы 12 ақпанда Қарағанды облысы Қызылжар ауылында дүниеге келген. Балалық шағы оңай болмаған: анасы ерте қайтыс болып, жасөспірім кезінен еңбекке араласуға мәжбүр болған. 12 жасында мектепті тастап, тігін фабрикасында жұмыс істеген.

1962 жылы ол болашақ ел президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен шаңырақ көтерді. Екеуі Теміртаудағы Қарағанды металлургия зауытында жұмыс істеп жүргенде танысқан. Отбасында үш қыз дүниеге келді: Дариға Назарбаева, Динара Назарбаева және Әлия Назарбаева.

1972-1976 жылдары Теміртаудағы зауыт жанындағы жоғары техникалық оқу орнында «өнеркәсіпті жоспарлау» мамандығы бойынша білім алған. Кейін Қарағанды металлургия зауытында және "Қарағандакөмір" өндірістік бірлестігінде еңбек еткен.

1992 жылдан бастап Сара Назарбаева балаларды қолдауға бағытталған Бөбек республикалық қайырымдылық қорының негізін қалап, оны басқарып келеді. Қор аясында балалардың құқығын қорғау, рухани-адамгершілік тәрбиесін дамытуға бағытталған көптеген жобалар жүзеге асырылған.

Айта кетейік, ауруханада шамамен бір жылға жуық ем қабылдаған Сара Назарбаеваның денсаулығына қатысты мәліметтер жария болды. Бұл туралы Нұрсұлтан Назарбаевтың кеңесшісі Айдос Үкібай ресми сайтта хабарлады. Оның айтуынша, былтыр сәуір айында Сара Назарбаева ауыр миокард инфарктін бастан өткерген. Сонымен қатар оған ұзақ уақытқа созылған қант диабеті мен созылмалы бүйрек жеткіліксіздігі диагнозы қойылған.

Мадияр Қапанбек
Автордың басқа материалдары