Кейінгі күндері әлеуметтік желілерде смартфонға арналған шағын қолшатырлар туралы видео кең таралып жатыр. Сатушылардың айтуынша, бұл құрылғы телефонды күннің қызуынан қорғайды. Алайда оның «жол камераларынан жасыруға көмектеседі» деген уәжі қоғамда қызу талқылануда, деп хабарлайды Malim.kz.
990 теңге шамасында сатылатын бұл аксессуар бастапқыда такси жүргізушілеріне арналған құрылғы ретінде ұсынылған. Яғни телефонды көлік панелінде қызып кетуден сақтау мақсаты көзделген.
Бірақ жарнамада оның қосымша «мүмкіндігі» ретінде көлік жүргізу кезінде телефонды байқатпай қолдануға болады деген пікірлер де айтылған.
«Қазір көлік жүргізу кезінде телефон қолдануға тыйым салынған. Бұл құрылғы арқылы телефонды көлікте жасырып, пайдалануға болады» деген мазмұндағы жарнамалар желіде тараған.
Дегенмен мамандар мұндай тәсілдің заңды айналып өтуге көмектеспейтінін ескертеді. Қазақстанда 2026 жылдан бастап бейнебақылау жүйелері күшейтіліп, камералар жүргізу кезінде телефон қолдану фактісін нақты тіркейтін болады.
Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, көлік жүргізу кезінде телефон пайдаланғаны үшін айыппұл көлемі 5 АЕК, яғни шамамен 21 625 теңгені құрайды.