Ресей Ақтау маңында апатқа ұшыраған AZAL әуе компаниясының ұшағына байланысты қозғалған қылмыстық істі тоқтатты. Бұл туралы Әзербайжанның сыртқы істер министрі Джейхун Байрамов мәлімдеді, деп Malim.kz тілшісі Minval.az сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Министрдің айтуынша, Бакуге Ресей Тергеу комитетінің төрағасы Александр Бастрыкин қол қойған ресми хат жолданған. Құжатта Ресей тарапынан ұсынылған "егжей-тегжейлі әрі салмақты ұстаным" баяндалғанымен, кейбір тұжырымдар Әзербайжан жағына түсініксіз болып қалған. Осыған байланысты Баку қылмыстық істің тоқтатылуына қатысты қосымша түсіндірме күтетінін жеткізді.
Айта кетейік, 25 желтоқсанда Қазақстанның Көлік министрлігі апатқа қатысты алдын ала тергеу қорытындысын жариялаған еді. Онда ұшақ қалдықтарынан жарылғыш заттардың ізі табылмағаны, алайда фюзеляждың оқ-дәрі фрагменттерінен зақымдалуы мүмкін екені айтылған.
Еске салсақ, AZAL әуе компаниясының Баку-Грозный бағытымен ұшқан жолаушылар ұшағы 2024 жылдың 25 желтоқсанында Ақтау қаласынан шамамен үш шақырым жерде апатқа ұшыраған болатын. Апаттың бір жылдығы биыл 25 желтоқсанда атап өтілді.