КХДР көшбасшысы Ким Чен Ын стратегиялық басқарылатын зымырандармен жабдықталған атомдық сүңгуір қайығының құрылысы жүріп жатқан нысанда болып, «ядролық қалқанды» одан әрі нығайтуға шақырды, деп хабарлайды Malim.kz Кореяның орталық телеграф агенттігіне сілтеме жасап.
«Ким Чен Ын су ығыстырғыштығы 8,7 мың тонна болатын, стратегиялық басқарылатын зымырандармен қаруланған атомдық сүңгуір қайығының құрылысын орнында басқарып отырды», – делінген агенттік хабарламасында.
Агенттік мәліметінше, Ким Чен Ын «жаңа сүңгуір құпия қаруларын зерттеу барысымен танысып, Әскери-теңіз күштерін қайта қалыптастыру және жаңа бөлімше құру жөніндегі стратегиялық жоспарды айқындады».
Тексеру барысында Солтүстік Корея лидері стратегиялық соққы беретін атомдық сүңгуір қайығын салу елдің өзін-өзі қорғау саясатын жүзеге асыру үшін аса маңызды екенін атап өтті.
Ким Чен Ынның айтуынша, «ядролық қалқанды одан әрі нығайту» – КХДР-дың қазіргі буынының борышы.
«Жолдас Ким Чен Ын біз мемлекеттің қауіпсіздігін сенімді түрде қорғай алатын ядролық қалқанды табанды түрде қалыптастырдық», – деп жазады агенттік.
КХДР көшбасшысы Оңтүстік Кореяның АҚШ-пен бірлесіп атомдық сүңгуір қайығын әзірлеу жоспары «Корей түбегіндегі тұрақсыздыққа әкелетінін» мәлімдеді.
«Алдағы қауіпсіздік ахуалының теріс болуына байланысты КХДР Әскери-теңіз күштерін жаңғыртуды жеделдету және олардың ядролық қаруын қарқынды дамыту – өзекті міндет әрі баламасыз таңдау», – деп келтіреді оның сөзін.
«Біз Әскери-теңіз күштерін және олардың стратегиялық құрамын үздіксіз әрі жан-жақты нығайтып, әртүрлі суүсті және сүңгуір кемелерін салу қарқынын кезең-кезеңімен арттырамыз, ауқымын кеңейтеміз, сондай-ақ оларды түрлі шабуылдаушы қару жүйелерімен ұдайы үйлестіріп отырамыз», – деді Ким Чен Ын.
Ол Пхеньянға «егер дұшпандар біздің стратегиялық егемендігіміз бен қауіпсіздігімізді бұзуға батылы жетсе, оның өте қымбатқа түсетінін айқын түсіндіру қажет» екенін атап өтті.