Malim.kz
Қоғам

Лениннің мәйітін зерттеген адамдар неге бірінен соң бірі қайтыс болды? Кремльдің жасырын құпиясы ашылды

Мадияр Қапанбек
РИА Новости / С. Коган

Лениннің мәйітін көріп, зиратына кірген үш жоғары деңгейлі маман кейіннен күмәнді жағдайда қайтыс болған, деп хабарлайды Malim.kz.

1924 жылдың қаңтарында Кеңес Одағы үшін ауыр кезең басталды: дүниеден Владимир Ильич Ленин өтті. Оның өлімі саяси тұрғыдан ғана емес, бүкіл ел үшін үлкен қайғы болды. Осыдан кейін Кремльде мавзолей салу мен көсемнің денесін бальзамдау туралы шешім қабылданды. Алайда бұл тарихи әрі ғылыми жоба уақыт өте келе көптеген сұрақ тудырды. Тарихшыларды ең көп таңғалдырған жайт – Лениннің денесіне қол жеткізген кейбір мамандардың кейін жұмбақ жағдайда көз жұмуы.

Архивтік құжаттарда кем дегенде үш белгілі маманның есімі сақталған. Олардың барлығы Лениннің денесін зерттеу немесе бальзамдау жұмыстарына қатысқаннан кейін қайтыс болған. Кей деректерде мұндай адамдардың саны бұдан да көп болуы мүмкін екені айтылады.

Леонид Красин

Леонид Борисович Красин – инженер, дипломат әрі Лениннің сенімді серіктерінің бірі болған. Ол сыртқы сауда халық комиссары қызметін атқарып, Лениннің өзінен "дүниежүзілік пролетариаттың сиқыршысы" деген баға алған. Красин ғылым дамыса, болашақта адамдарды қайта тірілту мүмкін деп сенген және осы себепті Лениннің денесін бальзамдау идеясын қолдағандардың бірі болған.

Ол профессорлар Розанов пен Вейсбродтың жұмысын бақылап отырған. Бірақ Ленин қайтыс болғаннан кейін екі жылдан соң Лондонға іссапармен барған Красин келесі күні-ақ көз жұмған. Ресми нұсқа бойынша, ол созылмалы анемия салдарынан инфаркт алған. Тарихшыларды таңғалдырған тағы бір жайт – оның денесі Лондонда кремацияланып, отанына жеткізілмеген.

Владимир Воробьев

Харьковтық анатом, профессор Владимир Петрович Воробьев Лениннің денесін сақтап қалу жобасының негізгі мамандарының бірі болды. Оның ғылыми әдістері белгілі биохимик Борис Збарскийді де бұл жұмысқа тартқан.

Алайда Воробьевтің өмірбаянында даулы кезеңдер болған. 1918 жылы ол неміс әкімшілігі кезінде қызмет етіп, Харьков маңындағы бейбіт тұрғындардың жаппай жерленуіне большевиктер жауапты деген қорытынды берген. Сондықтан кеңес билігі оны сенімсіз адам деп санаған. Лениннің денесін бальзамдау жұмысына қатысу оған беделін қалпына келтіруге мүмкіндік берген.

Воробьев бұл міндетті сәтті орындап, Лениннің ағасы Дмитрий Ульяновтың да мақтауына ие болған. Бірақ 1937 жылы Кремль ауруханасында бүйрегіне жасалған операция кезінде ол қайтыс болды. Ресми мәлімет бойынша, оның ағзасы наркозға шыдамаған. Дегенмен тарихшылар бұл өлімге күмәнмен қарайды, себебі дәл сол жылдары Кеңес Одағында жаппай саяси қуғын-сүргін жүріп жатқан.

Аарон Залкинд

Психолог Аарон Борисович Залкиндтің есімі көпшілікке онша таныс емес. Бірақ ол да Лениннің қайтыс болғаннан кейінгі зерттеу жұмыстарына қатысқан. Кей деректерге қарағанда, ол көсемнің миын зерттеп, сифилис белгілерін анықтаған. Бұл тұжырым кей әріптестерінің наразылығын тудырған.

Доктор Зерновтың хаттарында Залкинд осы мәлімет үшін жазалануы мүмкін деген ишара бар. Бір деректе Мәскеуде өткен ғылыми конгресс кезінде аудармашы Дина Мазе француз делегациясынан Залкинді сұрағанда, оның қалада бұрыннан жоқ екені айтылған. Көп ұзамай психологтың өлі денесі табылған. Ресми түрде өлім себебі инфаркт деп көрсетілгенімен, жағдайдың құпиялығы көптеген сұрақ туғызады.

Кремль құпиясы

Красин, Воробьев және Залкиндтің тағдырлары – Лениннің денесімен байланысты жұмбақ оқиғалардың тек бір бөлігі ғана. Бұл адамдардың өмір жолында ғылым, саясат және түсініксіз трагедиялар қатар өрілген.

Тарихшылар бұл оқиғалар кездейсоқтық па, әлде сол кезеңдегі саяси жағдай мен құпия жобалардың салдары ма деген сұраққа әлі күнге дейін нақты жауап таба алмай келеді. Кремль мұрағаттары мен мавзолей тарихы әлі де көптеген зерттеушілер үшін шешілмеген құпия болып қалып отыр.

Бұған дейін ғарышкер Юрий Гагариннің алғаш рет космосты бағындырып, ол жақта кездескен таңғажайып оқиғасын жазған едік.

Мадияр Қапанбек
Автордың басқа материалдары