Malim.kz
Қоғам

Лотос алқабына бес мың адам барды

Malim Админ
Автор

Атырау облысының Құрманғазы ауданындағы  Lotus алқабына 5 мыңға жуық адам жиналды. Қонақтар 5 гектар аумақты алып жатқан шамгүл алабына барып, табиғаттың ерекше көрінісін тамашалады.

Келушілерді айтулы нысанға жеткізу үшін 150-ден астам қайық жұмылдырылды. Фестивальге Атырау облысының тұрғындарымен қатар, еліміздің өзге өңірлерінен және шетелден келген қонақтар да қатысуда.

Фестивальге республикамыздың түкпір-түкпірінен келген қонақтармен қоса шетелдік азаматтар да ат басын бұрып, табиғаттың сұлулығын тамашалады.
Ерекше көріністі көрген Франция, Қытай, Үндістан елінен келнен туристер өз әсерлерімен бөлісті. Солардың бірі - 46 жастағы Чи Доң, Қытайдың теміржол тарихын зерттеуші. Ол бұған дейін әлемнің 15 елін аралағанын айтып, Қазақстанға алғаш келгенін жеткізді.

«Лотос алқабы өте әдемі екен. Мұндай табиғи көріністі алғаш рет көріп тұрмын. Қазақстанға келгеніме қуаныштымын», – деді Чи Доң.

“LOTUS FEST-2026” фестивалінің ашылу салтанатына 3000-нан астам адам қатысты

Фестивальдің ресми бөлімінде Құрманғазы ауданының әкімі Абат Жанғалиев қатысып, тұрғындар мен қонақтарды айтулы шараның ашылуымен құттықтады.

-  Бүгінгі “LOTUS FEST-2026” фестивалінің ашылуымен құттықтаймын. Бұл іс-шара - лотос алқабының табиғи сұлулығын көпшілікке танытып қана қоймай, өңірдің туристік әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді. Әсіресе, осындай ерекше табиғи нысандарды туристік бағытқа айналдырып, Атырауға келетін қонақтар санын көбейтуге жол ашады,-  деді аудан әкімі.

Мерекелік шара концерттік бағдарламамен жалғасты. Көрермендер алдында “Sarmad” этно-фольклорлық ансамблі, “Жайық қызы” халықтық би ансамблі өнер көрсетіп, эстрада жұлдызы Қуандық Рахым ән шырқады.
Фестиваль аясында 12 кәсіпкер өз өнімдерін көпшілік назарына ұсынды. Көрмеде ағаштан жасалған бұйымдар, көрпе тыстары, тоқылған өнімдер, жеңіл киімдер, әшекей бұйымдар мен кітаптар қойылды.

Солардың қатарында ағаш шебері Нұрберген Башенов те өз қолынан шыққан бұйымдарын ұсынды. Шебердің айтуынша, фестиваль барысында өнімдерге қызығушылық танытқан тұрғындар қатары артып, тұтынушылар саны көбейген.
Фестиваль отандық қолөнер шеберлерін қолдап қана қоймай, олардың еңбегін көпшілікке танытуға және жергілікті өнімдерге деген қызығушылықты арттыруға мүмкіндік берді.

Ақтілек Базарбаева

Malim Админ
Автордың басқа материалдары