Беларусь президенті Александр Лукашенко Украина президенті Владимир Зеленский өкілдерімен Минскіде кездесу өткізгенін мәлімдеді, деп хабарлайды Malim.kz.
25 маусым күні Ресейдің Беларусьтегі елшісі Борис Грызловпен және Мәскеу облысының губернаторы Андрей Воробьевпен кездесу барысында Лукашенко жуырда Минскіге Зеленскийдің өкілдері келгенін айтты.
Оның сөзінше, украиналық тарапқа Беларусьтің соғысқа тартылуына қатысты алаңдаушылығын жеткізген.
«Оларға президенттеріне жеткізсін деп ашық айттым: егер бізбен осылай сөйлесуге және Беларусьті соғысқа араластыруға болады деп ойласа, онда соғыстың сипаты бірден өзгереді. Бұл мүлде басқа соғыс болады. Біз жауап алдық – президент те, олардың өкілдері де мұны түсінеді. Сондықтан келіссөздер арқылы ортақ мәмілеге келген жөн», – деді Лукашенко.
Беларусь басшысы елге соғыс қажет емес екенін де атап өтті.
«Бізге жер де жеткілікті, экономикамыз да бар, өз мәселелеріміз де жетеді. Сондықтан ешқандай текетірес керек емес. Мен өз ұстанымымды жасырмаймын. Бейбітшілік және тек бейбітшілік», – деді ол.
Еске салсақ, 19 маусымда Зеленский Беларусь пен Украина шекарасындағы ресейлік ретрансляторларды алып тастауды талап еткен болатын. Украина президенті 24 маусымда аталған ретрансляторлардың жұмысын тоқтатқанын мәлімдеді.