АҚШ президенті Дональд Трамп Ресей басшысы Владимир Путинге қатысты "ұстап әкету" сипатындағы арнайы операция жүргізудің қажеті жоқ екенін айтты. Бұл пікірін ол Fox News тілшісіне Ақ үйде мұнай-газ компаниялары басшыларымен өткен кездесуден кейін білдірген, деп хабарлайды Malim.kz.
Трамптың сөзінше, мұндай қадам орынсыз.
"Мен бұны қажет деп санамаймын. Мен әрдайым онымен жеке өзім жақсы қарым-қатынаста болдым", – деді АҚШ президенті.
Сонымен қатар Трамп Украинадағы келіссөздер үдерісіне көңілі толмайтынын жеткізді. Ол бұған дейін бірқатар халықаралық қақтығыстарды реттеуге атсалысқанын еске алып, Украинадағы соғысты бастапқыда ең жеңіл немесе орташа деңгейдегі жанжалдардың бірі болады деп болжағанын айтты.
Айта кетейік, 3 қаңтар күні АҚШ әскері арнайы операция жүргізіп, Венесуэла басшысы Николас Мадуро мен оның жұбайы Силия Флоресті ұстағаны хабарланған. АҚШ БАҚ-тарының дерегінше, олар Бруклиндегі тергеу изоляторына қамалған. Мадуроға есірткі терроризмі, кокаин контрабандасы, қару-жарақ пен жарылғыш заттарды заңсыз сақтау, сондай-ақ қастандық ұйымдастыру баптары бойынша айып тағылған.
Осыған байланысты Ресей Сыртқы істер министрлігі АҚШ-тың Венесуэлаға қатысты әрекетін «қарусыз агрессия» деп бағалап, жағдайды ушықтырмауға және мәселені диалог арқылы шешуге шақырды. Сондай-ақ ресейлік ведомство АҚШ әкімшілігін Мадуро мен оның жұбайын босатуға үндеді.