Malim.kz
Қоғам

“Мәйітті өртеу – 240 мың теңге”: Алматыда крематорий іске қосылды

Арман Қайыпхан
Фото: Алматы әкімдігі

Алматыда жерлеудің балама тәсілі пайда болды – мегаполисте крематорий жұмысын бастады, деп хабарлайды Malim.kz.

Қала әкімдігінің мәліметінше, нысан чех өндірісіндегі арнайы пештермен жабдықталған. Екі камералы жүйе арқылы жұмыс істейтін құрылғыларда газ толық жанып кетеді, сондықтан түтін мен иіс шықпайды. Бұл экологиялық талаптарды сақтауға мүмкіндік береді.

Бір кремация шамамен екі сағатқа созылады. Пеш толық жүктемеде тәулігіне сегізге дейін рәсім өткізе алады. Ал жұмысты бастау үшін жабдықты бір жарым тәулікке жуық уақыт қыздыру қажет.

Жалпы, дереккөзге сүйенсек, крематорий залында екі пеш бар. Оны әкімшілік Чехиядан әкелген. Пеш 35 сағат бойы 800-1000 градус ысыған кезде, мәйіт өртенеді.

Бір мәйітті өртеудің құны – 240 мың теңге.  

Рәсім белгіленген тәртіпке сай өтеді: алдымен мәйіт құжаттарымен қабылданып, жеке басы сәйкестендіріледі. Одан кейін кремация жасалып, күл туыстарына табысталады. Кремация орталығында қоштасу залдары және процесті бақылауға арналған арнайы бөлме қарастырылған.

Мамандар шетелде оқытылған. Әкімдік барлық қызмет санитарлық талаптарды сақтай отырып, марқұмдарға құрметпен көрсетілетінін атап өтті.

Алматыдағы крематорий жобасы бірнеше онжылдық бұрын көтерілген. 1980-жылдардың соңында «Батыс» зиратының тез толуына байланысты мұндай нысан қажет екені айтылған. Алайда кремация дәстүрінің кең таралмауы мен сұраныстың төмендігі себепті жоба ұзақ уақытқа кейінге қалдырылған.

Бұл бастамаға 2020 жылы қайта оралып, тиісті конкурс жарияланды. Нысанның орны Алатау ауданындағы патологоанатомиялық бюро маңынан белгіленіп, қаржы бөлінді. Жоспар бойынша крематорий тәулігіне 24 рәсімге дейін өткізе алуы тиіс болған.

Нысан 2021 жылы салынып бітсе де, оны пайдалануға беру тек 2024 жылдың үшінші тоқсанында мақұлданды. Ал 2025 жылғы 17 қазанда крематорий қалалық құрылыс басқармасынан қоғамдық денсаулық сақтау басқармасына қарасты «Қалалық патологоанатомиялық бюроның» теңгеріміне берілді.

Арман Қайыпхан
Автордың басқа материалдары