Франция президенті Эммануэль Макрон Еуропаны Ресей президенті Владимир Путинмен тікелей диалогты қайта жандандыру жолын табуға үндеді, деп хабарлайды Malim.kz DW-ге сілтеме жасап.
Макронның айтуынша, Мәскеумен келіссөз жүргізудің қолайлы форматын іздеу еуропалық елдердің мүддесіне сай келеді.
«Қазіргі келіссөздер аясында не ұзақ мерзімді бейбітшілікке қол жеткіземіз, не болмаса еуропалықтар үшін Ресеймен диалогты қайта бастау жолдарын табамыз – ашық түрде және Украинамен ынтымақтастықта», – деді француз көшбасшысы жұма, 19 желтоқсанда Брюссельде Еуроодақ саммитінің қорытындысы бойынша өткен баспасөз мәслихатында.
Макрон «Владимир Путинмен қайта сөйлесу пайдалы болар еді» деп атап өтті.
Оның сөзінше, керісінше жағдайда еуропалық көшбасшылар өзара және АҚШ өкілдерімен келіссөз жүргізуге мәжбүр болады, ал олар кейін Мәскеумен өз бетінше талқылайды. Франция президентінің пікірінше, мұндай сценарий «мінсіз емес».
Франция президентінің мәлімдемелері ЕО лидерлерінің шамамен 16 сағатқа созылған келіссөздері аяқталғаннан кейін бірнеше сағат өткен соң жасалды. Саммит барысында Ресей Орталық банкінің шамамен 200 млрд еуро көлеміндегі бұғатталған резервтерінің тағдыры талқыланды. Алайда оларды тәркілеу жөнінде келісімге келу мүмкін болмады.
Саммит қорытындысы бойынша Еуроодақ Украинаға егемен ресейлік активтерді пайдаланбай, қарыз алу есебінен 90 млрд еуро көлемінде пайызсыз репарациялық несие беру туралы шешім қабылдады.
Германия канцлері Фридрих Мерцтің айтуынша, Украина бұл несиені Ресей репарация төлеген жағдайда ғана өтеуі тиіс.
Сонымен қатар канцлердің сөзінше, егер Ресей тарапынан репарациялар төленбесе, Еуроодақ ЕО аумағында бұғатталған ресейлік активтерді несиені өтеу үшін пайдалану құқығын өзінде қалдырады.