Ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғалий Бердалин Мәжілісте мал иелері жануарларды уақытында екпеден өткізбесе, қандай шара қолданылатынын түсіндірді, деп хабарлайды Malim.kz.
Оның айтуынша, Қазақстанның ауылдарында ветеринариялық қызметтердің қолжетімділігін арттыру үшін ветеринариялық пункттер белсенді түрде ашылып жатыр.
«Инфрақұрылым құрылғаннан кейін қосалқы шаруашылықтарға да вакцинацияға қатысты жауапкершілік жүктеледі. Мысалы, ветеринариялық пунктте вакцинация жүргізіліп жатқаны туралы SMS-хабарлама келеді. Егер мал иесі жануарларын әкелмесе, оған айыппұл салынып, жауапкершілікке тартылады», – деді вице-министр.
Ол бұған дейін мұндай бақылау тетіктері болмағанын атап өтті.
2026 жылғы 23 сәуірде Мәжілісте «Ветеринария мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы таныстырылды. Құжатта ветеринар мамандарға қосымша төлемдер мен үстемақылар енгізу ұсынылып отыр. Бұл шара мамандықтың жастар үшін тартымдылығын арттыруға бағытталған.