Танымал әнші Ақерке Бүркітбай енесі, Қазақстанның халық әртісі Роза Рымбаева туралы жылы лебізін білдіріп, көпшіліктің ықыласына бөленді, деп хабарлайды Malim.kz.
Ақеркенің сөзінше, Роза Қуанышқызы – өмір мектебінен өткен, өнердің ыстығы мен суығына төзген тұлға. Сондықтан оның әрбір сөзі, әрбір ақылы жас келін үшін үлкен жауапкершілік.
"Мама туралы ауыз толтырып айта аламын. Ол кісінің өмірлік тәжірибесі де, сахналық тәжірибесі де мол. Біздің күнделікті шай үстіндегі әңгімеміздің өзі – үлкен сабақ. Соңғы сұхбаттарында айтқан сөздері маған үлкен жауапкершілік жүктеді. Соған сай болуға тырысамын", – деді Ақерке Бүркітбай.
Қазақ эстрадасының алтын дәуірін жасаған тұлға
Роза Рымбаева – қазақ эстрадасының символына айналған есім. 1957 жылы Шығыс Қазақстан облысы Жарма ауданы Жаңғызтөбе станциясында дүниеге келген өнер иесі 1970-жылдардан бастап үлкен сахнаға шықты. 1977 жылы Болгарияда өткен "Алтын Орфей" халықаралық фестивалінде Гран-при иеленуі оның шығармашылық жолындағы үлкен серпіліс болды. 22 жасында Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, 29 жасында Қазақстанның халық әртісі атануы – оның өнердегі феномен екенін дәлелдейді.
Әншінің "Әлия", "Гүлдене бер, туған жер", "Айгөлек", "Куә бол", "Атамекен" сынды туындылары бірнеше буынның жүрегінде сақталып келеді. Лирикалық сопрано дауыс иесі тек Қазақстанда ғана емес, шетелдік сахналарда да өнер көрсетіп, халықаралық деңгейде танылды.
Өнер мен отбасы – қатар өрілген тағдыр
Роза Рымбаева тек сахна жұлдызы ғана емес, ұрпақ тәрбиесіне де ерекше мән берген ана. Жолдасы – марқұм Тасқын Оқапов. Ұлдары – Әли Оқапов пен Мәди Рымбаев – бүгінде өнер жолында.
Ақерке Бүркітбай осы әулеттің келіні ретінде тек отбасылық дәстүрді жалғастырып қана қоймай, өнердегі сабақтастықты да сезініп жүргенін айтады. Оның пікірінше, Роза Қуанышқызының әр сөзі – өмірлік бағдар.
Бүгінде Роза Рымбаева – "Қазақ примадоннасы", "Қазақстанның Алтын дауысы", "Орта Азия бұлбұлы" атанған тұлға. Оның шығармашылық мұрасы ұлттық мәдениеттің алтын қорына енді.