Malim.kz
Қоғам

Маңғыстауда мұнайды заңсыз өндіру фактісі тексерілуде

Айбын Атабай
https://www.obozrevatel.com

11 тамызда әлеуметтік желіде Маңғыстау облысындағы «Долинное» кен орнында мұнайды заңсыз өндіру және ілеспе газды атмосфераға шығару туралы бейнежазба жарияланды.

Бейнежазбада жұмысшылардың бірі кен орнын игеріп отырған компания тарапынан заңбұзушылықтар жасалып жатқанын айтқан. Оның сөзінше, мұнай заңсыз өндіріліп, ілеспе газ атмосфераға шығарылған. Соның салдарынан аумақта жағымсыз иіс тараған.

Осыған байланысты Маңғыстау облыстық экология департаменті әлеуметтік желіде тараған ақпаратты бақылауға алғанын хабарлады. Қазір «Долинное» кен орнында мұнайды заңсыз өндіру және ілеспе газды атмосфераға шығару туралы мәліметтер тексеріліп жатыр.

Аталған кен орнын «Емір-Ойл» ЖШС игереді.

— Қазіргі уақытта әлеуметтік желіде тараған ақпарат Маңғыстау облыстық экология департаментінің бақылауына алынды. Көрсетілген мән-жайларды жан-жақты анықтау үшін жоспардан тыс тексеру жүргізу мәселесі қаралады. Анықталған фактілерге экологиялық және құқықтық баға беріледі. Заңнама талаптарының бұзылғаны анықталған жағдайда тиісті шаралар қабылданады, — делінген департамент хабарламасында.

Еске салайық, бұған дейін Маңғыстау облысы Жетібай ауылы маңындағы қоқыс полигонының екі күннен бері тұтанып жатқанын жазғанбыз.

Айбын Атабай
Автордың басқа материалдары