Маңғыстау облысында қызды күштеп тұрмысқа бермек болып ұрлаған екі ер адамға сот нақты жаза тағайындады. Бұл туралы облыстық прокуратура мәлімдеді, деп хабарлайды Malim.kz Lada.kz-ке сілтеме жасап.
Мұнайлы аудандық соты қызды некеге тұруға мәжбүрлеу мақсатында ұрлау ісі бойынша үкім шығарды. 2 ақпандағы сот үкімімен айыпталушылар Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 125-1-бабы 2-бөлігінің 1 және 4-тармақтары бойынша (алдын ала сөз байласқан адамдар тобының күш қолдану арқылы некеге тұруға мәжбүрлеуі) кінәлі деп танылды.
Сот әрқайсысына 3 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Үкім заңды күшіне енді.
Айта кетейік, 2025 жылғы 16 қыркүйектен бастап Қазақстанның Қылмыстық кодексіне «Некеге тұруға мәжбүрлеу» атты жаңа бап енгізілді.
Бұл нормаға сәйкес қызды оның келісімінсіз алып қашу, яғни «қалыңдық ұрлау», сондай-ақ некеге тұруға мәжбүрлеу немесе итермелеу жеке қылмыстық құқықбұзушылық болып саналады.
Мұндай қылмыс үшін айыппұлдан бастап 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.