Өңірде Маңғыстау облысының жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасының «Жастар EQ 3.0 & Mental Health» жобасы аясында белгілі психолог, психолог-тренер Мөлдір Тоғжанның қатысуымен ашық кездесу өтті, деп хабарлайды Malim.kz.
Кездесу Түпқараған ауданы, Жаңаөзен қаласы, Ақтау қаласы жастар мен ата-аналар аудиториясын 450 адамды қамтыды деп хабарлайды Қоғамдық коммуникация орталығы.
Іс-шара жастардың психологиялық саулығын нығайтуға, эмоционалдық интеллектіні дамытуға және ата-ана мен бала арасындағы өзара түсіністікті арттыруға бағытталды.
Спикер қазіргі қоғамдағы өзекті мәселелерге тоқталып, баланың тұлға болып қалыптасуындағы ата-ананың рөлі, эмоционалдық қолдаудың қажеттілігі және жастардың ішкі ресурстарын дамыту жолдары жөнінде тәжірибелік мысалдармен бөлісті.
-Семинарда өз тәжірибемде өте маңызды деп санайтын бес ережені ата-аналарға түсіндіріп өттім. Ең алдымен, мәселеден тұлға маңызды. Кейбір жағдайларда біз баладан гөрі туындаған жағдайды үлкейтіп жібереміз. Соның салдарынан бала өзін құнсыз сезінуі мүмкін. Сонымен қатар, ойдан сезім маңызды. Баланың сезімдерін тыңдай алу және өз сезімімізді дұрыс жеткізу – аса қажет дағды.
«Адам қаншалықты сезіне алса, соншалықты адам болады» деген тұжырым бар. Себебі сезімді түсіне алмайтын адамдар көбіне өзгенің жағдайына ене алмайды. Қазіргі балалар телефонмен өсіп жатыр, бақыт гормонын көбіне гаджеттерден алады. Соның әсерінен күнделікті өмірдің қарапайым қуаныштарын сезіну азайып барады, - деді Мөлдір Тоғжан.
Кездесу барысында қатысушылар өздерін толғандырған сұрақтарға жауап алып, күнделікті өмірде қолдануға болатын практикалық кеңестермен танысты. Сондай-ақ, ата-аналар мен жастар өзара пікір алмасып, тәжірибе бөлісті.