Мәскеу қаласының орталығындағы Кудрин алаңында орналасқан итальяндық Balzi Rossi мейрамханасында жарылыс болып, салдарынан адамдар қаза тауып, тағы бірнешеуі жарақат алды, деп хабарлайды Malim.kz.
Ресейлік Telegram-арналардың мәліметінше, оқиға кезінде мейрамханада жабық форматтағы іс-шара өтіп жатқан. Алдын ала болжам бойынша, жарылысқа асүйдегі газ жабдығы себеп болған.
«Интерфакс» агенттігі құқық қорғау органдарына сілтеме жасап, жарылыс Кудрин алаңындағы көпқабатты ғимараттағы итальян мейрамханасында болғанын хабарлады. Бастапқы ақпаратта шамамен 20 адамның зардап шеккені айтылған.
Кейін Мәскеу полициясы жарылыс салдарынан үш адамның қаза тапқанын, 15 адамның жараланғанын мәлімдеді.
Оқиға орнына көптеген жедел жәрдем көлігі мен өрт сөндіру қызметінің техникасы жұмылдырылды. Қазір оқиғаның нақты себептері мен мән-жайы анықталып жатыр.