Malim.kz
MALIMet

Махат Төрәлі сарбаздар отбасына 100 млн бөледі

• Алуа Әшірбекова
Фото-коллаж: malim.kz

Белгілі меценат Махат Төрәлі Маңғыстау облысындағы әскери оқу-жаттығу кезінде қаза тапқан сарбаздардың отбасыларына 100 млн теңге көлемінде қаржылай көмек көрсететінін мәлімдеді, деп Malim.kz тілшісі оның әлеуметтік желідегі парақшасына сілтеме жасап хабарлайды.

Махат Төрәлі қаза тапқан әскери қызметшілердің туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтып, көмекті жеке өз атынан және Beles құрылыс компаниясы атынан бөлетінін жеткізді.

"Ешқандай қаржы мен сөз бұл қайғының орнын толтыра алмайтынын жақсы түсінемін. Дегенмен осындай қиын сәтте елмен бірге болу, бәріміздің азаматтық парызымыз деп санаймын. Ел болып көтерген жүк жеңіл болады. Біз де халқымызбен бірге қолымыздан келгенше көмек көрсетуге дайынбыз", – деп жазды ол.

Қаза тапқан сарбаздардың отбасыларына қолдау білдіргендердің қатарында Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі, Karazhal Operating негізін қалаушы Жұмабек Жанықұлов та бар. Ол жеке өз атынан 50 млн теңге бөлуге дайын екенін мәлімдеген.

"Ешқандай қаражат ешкімнің жанын қайта толтыра алмайтыны анық. Қаза болған әскер батырларымыздың әке-шеше, жақын туыстарына көңіл айтамын. Ләйім мұндай қайғылы оқиғалар болмаса екен", – деп жазды Жұмабек Жанықұлов.

Бұдан бөлек, Қазақстан Халық Кеңесінің хатшылығы қайырымдылық бастамасына бизнес өкілдерінен 17 мүше қосылғанын хабарлады. Кеңес мүшелері қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасыларына жалпы 815 млн теңге көлемінде материалдық көмек көрсетпек. Қаражат тікелей отбасыларға беріледі. 

Олардың арасында SA Construction Group бас директоры Гаджи Гаджиев 100 млн теңге бөледі. Allur Group директорлар кеңесінің төрағасы Андрей Лаврентьев пен Integra Construction KZ бас директоры Шахмұрат Мүтәліп әрбір қаза тапқан әскери қызметшінің отбасына 25 млн теңгеден беруге ниетті. Бақыт Атайбеков, Дмитрий Лактюшин және Имамзада Шағыртаев 10 млн теңгеден, Геннадий Зенченко, Акбаржон Исмаилов, Александр Куприенко, Сырым Ертаев және Лугмар Буларов 5 млн теңгеден бөлмек. Тағы бес кәсіпкер 1 млн теңгеден көмек көрсететінін хабарлады. 

Еске салайық, 24 қыркүйекте Маңғыстау облысында Қазақстан Қарулы күштері Әскери-теңіз күштерінің оқу-жаттығуы кезінде ауа райы күрт нашарлап, жел күшейген. Соның салдарынан 17 әскери қызметшіні ашық теңізге алып кеткен. Үш әскери қызметші құтқарылды. 

25 қыркүйекте сағат 09:15 шамасында бұған дейін із-түзсіз жоғалған соңғы екі әскери қызметші – сержант Мансұр Гумаров пен матрос Мирас Тұрдыбекұлының денелері табылды. Осылайша, қайғылы оқиға салдарынан 14 әскери қызметші қаза тапты, іздестіру-құтқару операциясы аяқталды. 

Қорғаныс министрлігі қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасыларына материалдық және психологиялық көмек көрсетілетінін мәлімдеді. 

Маңғыстаудағы қайғылы оқиғаға байланысты 25 қыркүйек Қазақстанда жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланды.

Алуа Әшірбекова
Автордың басқа материалдары