Танымал продюсер Баян Алагөзова Qazaq Ordasy арнасына берген сұхбатында кейбір жұлдыздардың өз сенімін көпшілікке жариялағанымен, кейін ислам талаптарына сай өмір сүрмейтінін айтты, деп хабарлайды Malim.kz.
Оның айтуынша, кейбіреулер Меккеге сапарын көпшілікке жариялап, сол жерде түсірілген суреттерін ашық түрде бөліседі.
"Жария түрде Меккеге барады, жария түрде Меккенің аясында селфи жасайды, жария түрде бәрін көрсетеді. Мұның бәрін осылай ашық көрсету – нағыз мәдениетсіздік. Ал кейін Меккеден келген соң сол баяғы қыдыру, ішімдік ішу жалғаса береді. Бұл – екіжүзділік. Мұны біреу айтуы керек", – деді ол.
Сондай-ақ ол әріптестеріне үндеу жасап, қасиетті орынға бармас бұрын өз іс-әрекеттеріне жауапкершілікпен қарауға шақырды.
"Егер Меккеге баратын болсаңыздар, Құдайды алдаудың қажеті бар ма, жоқ па – мың рет ойланыңыздар. Кейін келіп алып, қайтадан ішіп, шегіп, қыдырып, боқтап, қуып жүретін болсаңыздар", – деді Баян Алагөзова.
Баян Алагөзова – қазақстандық шоу-бизнес саласындағы танымал продюсер, актриса, тележүргізуші және әнші. Ол 1974 жылы 9 қаңтарда Орал қаласында дүниеге келген. Болашақ өнер иесі бала кезінен шығармашылыққа жақын болып өсіп, өнерге қызығушылығы ерте байқалған.
Алғашқы танымалдылығы 1993 жылы жарық көрген "Махаббат бекеті" фильміндегі рөлі арқылы келді. Осы фильмнен кейін ол көрерменге кеңінен танылып, медиа саласына бет бұрды. Кейін журналистикада жұмыс істеп, тележүргізуші ретінде түрлі жобаларды жүргізді.
2006 жылдан бастап продюсерлік қызметпен белсенді айналыса бастады. Ол "КешYOU" тобы секілді танымал музыкалық жобаларды қолға алып, көптеген жас өнерпаздардың сахнаға шығуына ықпал етті. Сонымен қатар Жанар Дугалова, Ерке Есмахан сияқты әншілермен жұмыс істеп, олардың шығармашылық дамуына үлес қосты.
Баян Алагөзова кино және телесериалдарда да бой көрсетіп, бірнеше жобада актриса ретінде өнер көрсетті. Ол тек шоу-бизнес емес, медиа және мәдениет саласында да белсенді қызмет атқарып келеді.
Жеке өмірінде ол екі рет тұрмыс құрған, бірнеше қыз тәрбиелеп отырған ана. Қазіргі таңда кәсіпкер Тұрсынғали Алагөзовпен отбасын құрған.