Malim.kz
Шоу-бизнес

Мексикалықтар Димашты әуежайдан ерекше қарсы алды

• Алуа Әшірбекова
Фото-коллаж: malim.kz\ ЖИ арқылы өңделген

Димаш Құдайберген DIMENSIONS әлемдік концерттік сапары аясында Мексикаға барды. Әншіні әуежайда тыңдармандары ерекше ықыласпен күтіп алды, деп хабарлайды Malim.kz.

Өнер иесі әлеуметтік желідегі парақшасында Мерида қаласына келген сәтінен видео жариялады. Мануэль Крессенсио Рехон атындағы халықаралық әуежайға жиналған жанкүйерлері оған гүл шоқтары мен сыйлықтар табыстап, қолдау сөздері жазылған плакаттарын көрсеткен.

Кездесуге арнайы музыкалық тарту да әзірленген. Үш музыканттан құралған ансамбль мексикалық композиторлардың туындыларын орындап, қазақстандық әншіге құрмет білдірген.

Димаш тыңдармандарына испан тілінде алғыс айтып, олардың ыстық ықыласы өзіне шабыт сыйлағанын жеткізді.

"Сәлем, Мексика! Сәлем, Мерида! Ыстық ықыласпен қарсы алғандарыңыз үшін рақмет. Біз концерттерге дайындалып жатырмыз, бойымыз шабытқа толы", – деп жазды әнші.

Өнерпаз жанкүйерлеріне сүйіспеншілігін білдіріп, сахнада жүздесуді асыға күтетінін де айтқан. Ал тыңдармандары оған сәттілік тілеп, Чилиде де күтіп отырғандарын жазған.

Димаш Құдайберген кім?

Димаш Құдайберген – қазақ әнін әлемге танытып жүрген әнші, композитор әрі бірнеше музыкалық аспапта ойнайтын өнерпаз. Толық аты-жөні – Дінмұхаммед Қанатұлы Құдайберген. Ол 1994 жылғы 24 мамырда Ақтөбеде дүниеге келген.

Димаш Ақтөбедегі Ахмет Жұбанов атындағы музыкалық колледжде академиялық ән орындау мамандығын меңгерген. Кейін Қазақ ұлттық өнер университетінде эстрадалық вокал бағытында білім алған. Оның репертуарында эстрадалық әндермен қатар классикалық шығармалар мен қазақтың халық әндері де бар.

Әншінің үлкен сахнаға жолы республикалық және халықаралық байқаулардан басталды. Ол 2012 жылы "Жас қанат", 2013 жылы Қырғызстандағы "Мейкин Азия" байқауларының бас жүлдесін жеңіп алды. Ал 2015 жылы Беларусьтің Витебск қаласында өткен "Славян базары" халықаралық байқауында Гран-при иеленіп, есімі шетелдік тыңдармандарға таныла түсті.

Димаштың әлемдік танымалдығын арттырған маңызды белес – 2017 жылы Қытайдағы Singer музыкалық жобасына қатысуы. Ол осы байқауда екінші орын алып, Қытайда және өзге елдерде қалың тыңдарман жинады. Кейін Қытай, АҚШ, Ұлыбритания, Франция және басқа мемлекеттерде жеке концерттерін өткізді.

Өнердегі жетістіктері үшін Димаш 2014 жылы "Дарын" мемлекеттік жастар сыйлығын алды. 2019 жылы "Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері", 2023 жылы "Қазақстанның халық әртісі" атағына ие болды. 2025 жылы оған "Қырғыз Республикасының халық әртісі" атағы да берілді.

Әнші халықаралық гуманитарлық бастамаларға да қатысады. 2024 жылы Халықаралық көші-қон ұйымының ізгі ниет елшісі болып тағайындалды. Ал 2025 жылғы желтоқсанда ұйымның жаһандық ізгі ниет елшісі атанды. Осы қызметі аясында ол дағдарыстан зардап шеккен адамдарды қолдау, мигранттардың құқығын қорғау және кемсітушілікке қарсы бастамаларға үн қосып жүр.

Алуа Әшірбекова
Автордың басқа материалдары