Malim.kz
Білім-ғылым

Мектеп оқушылары енді БЖБ мен ТЖБ тапсыра ма: Министрлік көп талқыланған мәселеге нүкте қойды

Мадияр Қапанбек
Мектептегі оқушылар. Фото: gov.kz

Жаңа оқу жылынан бастап Қазақстандағы бастауыш сынып оқушылары үшін бөлім бойынша жиынтық бағалау (БЖБ) мен тоқсан бойынша жиынтық бағалау (ТЖБ) жүйесі алынып тасталмақ, деп хабарлайды Malim.kz.

Оқу-ағарту министрлігі бастауыш сыныптарда жиынтық бағалау жүйесі оқушылардың нақты білім деңгейін толық көрсете бермейтінін және балаларға қосымша жүктеме түсіретінін мәлімдеген.

КТК телеарнасының хабарлауынша, төрт баланың анасы Гүлнар Омарова да БЖБ мен ТЖБ нәтижелері оқушының шынайы білімін әрдайым көрсете бермейді деп есептейді.

Оның айтуынша, кейбір оқушылар дайын жауаптарды пайдаланып, жоғары балл жинайды. Алайда мектеп аяқтауға жақындағанда білімдегі олқылықтарын байқап, қосымша сабақтарға жүгінуге мәжбүр болады.

"Балалар жауаптары бар барлық үлгіні көшіріп алады. Бала көшіру оңай болған кезде мұны керемет деп санайды. Көшіріпп, жоғары балл алады. Бірақ мектепті бітірер кезде бірнеше репетиторлық орталықтарға барып, білім қажет екенін түсінеді", – деді Гүлнар Омарова. 

Оқу-ағарту министрлігі өкілдерінің сөзінше, жүргізілген талдау бастауыш сыныптардағы БЖБ мен ТЖБ балалардың білім деңгейін толық бағаламайтынын және оларға академиялық әрі эмоциялық салмақ түсіретінін көрсеткен.

"Талдау көрсеткендей, бастауыш сыныптарда ТЖБ, БЖБ оқушылардың деңгейін толық көрсетпейді және балалар үшін қосымша академиялық және эмоциялық ауыртпалық тудырады", – деді оқу-ағарту министрлігінің Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық аграрлық университетінің аға ғылыми қызметкері Раушан Бапишева.

Дегенмен бұл өзгеріс әзірге тек бастауыш сыныптарға қатысты. Орта және жоғары сыныптарда оқушылар бұрынғыдай БЖБ мен ТЖБ тапсыруды жалғастырады.

Педагогикалық тәжірибесі бар бұрынғы Мәжіліс депутаты Ирина Смирнова жиынтық бағалау жүйесін алып тастаумен ғана шектелмей, оны енгізу үдерісіне де баға беру қажет деп санайды.

Оның айтуынша, мұғалімдерді жаңа жүйеге бейімдеуге және оны мектептерге енгізуге қомақты қаражат жұмсалған.

Айта кетейік, БЖБ – оқу бағдарламасындағы белгілі бір бөлім аяқталғаннан кейін өткізілетін бөлім бойынша жиынтық бағалау.

Ал ТЖБ – тоқсан соңында оқушының сол кезеңде меңгерген білімін қорытынды бағалауға арналған тоқсан бойынша жиынтық бағалау.

Еске сала кетейік, жаңа оқу жылында білім беру жүйесінде бірқатар жаңашылдық кезең-кезеңімен енгізілетіні туралы жазған едік.

Мадияр Қапанбек
Автордың басқа материалдары