Malim.kz
Қоғам

"Мектепте еден жудым": Тамара Асар өміріндегі қиын сәттерді еске алды

• Мадияр Қапанбек
Тамара Асар. Фото: ашық дереккөзден (Фото ЖИ арқылы өңделген)

Танымал әнші Тамара Асар студенттік шағында ақша табу үшін бірнеше жұмысты қатар атқарғанын айтып, сол кезеңдегі өмірін еске алды. Бұл туралы ол 2025 жылы "1001 түн" бағдарламасына берген сұхбатында айтты, деп хабарлайды Malim.kz.

Өнер иесінің сөзінше, ол жастайынан еңбектенуге үйренген және қандай жұмыс болса да, одан намыстанбаған.

"Адамды адам ететін еңбек. Мен әдемі өмір сүргім келді... Өзіңді өзің жас кезіңнен жасайсың. Еденді де жудым. Музыкалық факультет жанында кішкентай мектеп болатын, таңда барып соның еденін жуатын едім. Достарыма айтуға ұялдым. Аптасына бір рет ансамбльге барып, ән айтып келемін. Түрлі тамақ саттым. Оның барлығы – еңбек. Тиыннан теңге, тамшыдан теңіз құралады", – деді Тамара Асар.

Әнші сол уақытта түрлі жұмысты қатар атқарып, табыс табуға тырысқанын жасырмады. Оның айтуынша, студенттік кездегі бұл тәжірибе өмірге деген көзқарасының қалыптасуына әсер еткен.

Тамара Асар бизнес бастауды жоспарлап жүр

Өнер иесі алдағы уақытта кәсіпкерлік бағытқа да бет бұрғысы келетінін айтты. Оның жоспары – халыққа қолжетімді бағамен самаурын шығару.

"Тефальдың қайнағанына қанағаттанбаймын. Болашақта халыққа қолжетімді болатындай самаурынды сатуға шығарамын. Қазір белгілі себептерге байланысты тоқтап тұр. Егер мәселелер шешілсе, өте жақсы жаңалықты айтамыз. Самаурынды қымбат деп ешкім ала бермейді. Жұмыс кестесі тығыз адамдар тез қайнайтын шәйнектерді қолданады. Сол олқылықтың да орнын толтырып, бәріміз бірге самаурыннан шай ішетін күн алыс емес", – деді әнші.

Еске сала кетейік, Тамара Асар марқұм анасының туған күнінде оны еске алып, жеті нан пісіріп, Құран бағыштағанын айтқан еді.

Тамара Асар кім?

Тамара Асар – қазақстандық эстрада әншісі, Қазақстанның халық әртісі. Ол 1976 жылғы 16 шілдеде Маңғыстау облысы Түпқараған ауданының Ақшұқыр ауылында ұстаздар отбасында дүниеге келген.

Өнерге бала кезінен қызығушылық танытқан әнші Ақтау қаласындағы музыка мектебінде білім алды. Кейін Жүсіпбек Елебеков атындағы эстрада және цирк колледжінде кәсіби музыкалық білімін жалғастырды. Сондай-ақ Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтының Музыкалық білім факультетін тәмамдаған.

Тамара Асар кейін Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде педагогика және психология бағыты бойынша магистратура мен докторантурада білім алған.

Әншінің кәсіби шығармашылық жолы Мұрат Өскінбаев атындағы Маңғыстау облыстық филармониясында басталды. Ол «Ақжауын» фольклорлық ансамблінің құрамында еңбек етіп, кейін өзге де шығармашылық ұжымдармен жұмыс істеді.

Тамара Асар халық әндері мен эстрадалық шығармаларды орындап, көпшілікке кеңінен танылды. Оның әндері "Отырар сазы", Әбіл Тарақұлы атындағы халық аспаптар оркестрі және басқа да музыкалық ұжымдардың сүйемелдеуімен орындалған.

Өнер иесінің өміріндегі ауыр кезеңдердің бірі – 1997 жылы болған жол апаты. Апат салдарынан ауыр жарақат алып, бір аяғынан айырылғанына қарамастан, Тамара Асар шығармашылығын тоқтатпай, сахнаға қайта оралды.

2007 жылы ол Қазақстан Жастар одағының "Серпер" жастар сыйлығының лауреаты атанды. 2014 жылы "Құрмет" орденімен марапатталды. 2019 жылы "Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері" атағына ие болды.

2025 жылы Тамара Асарға "Қазақстанның халық әртісі" құрметті атағы берілді.

Бүгінде Тамара Асар өзіндік орындаушылық мәнерімен танылған, қазақ эстрадасында ұзақ жылдан бері өнер көрсетіп келе жатқан әншілердің бірі.

Мадияр Қапанбек
Автордың басқа материалдары