Malim.kz
Білім-ғылым

Мектепте жаңа үш пән енгізіледі: Еліміздің бас педагогы шұғыл мәлімдеме жасады

Мадияр Қапанбек
parlam.kz. Суретте: Жұлдыз Сүлейменова

Қазақстанның Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова өңірге жұмыс сапары барысында "Келешек мектебіне" барып, оқу орнының жұмысымен танысты және ұстаздармен кездесті. Бұл туралы , Malim.kz тілшісі Өңірлік коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Кездесу кезінде білім сапасын арттыру мәселесі басты назарда болды. Министрдің айтуынша, жаратылыстану-математика бағытындағы пәндердің оқу жүктемесі мен мазмұны қайта қаралып, бастауыш сынып бағдарламасына да өзгерістер енгізіледі.

Сонымен қатар, оқу бағдарламасына жаңа пәндер енгізу жоспарланып отыр. Атап айтқанда, 5-7 сыныптарға "Конституция негіздері", 8-9 сыныптарға "Заң және тәртіп" пәндері қосылмақ. Ал жоғары сыныптарда, яғни 10-11 сыныптарда "Құқық негіздері" пәнін міндетті түрде оқыту көзделуде.

Оқушылардың білімін бағалау жүйесіне де өзгерістер енгізіледі. Бұған дейін аз қолданылған мазмұндама, шығарма және диктант жазу қайтадан оқу процесіне енгізілмек. Бұл қадам оқушылардың сауаттылығын арттыруға бағытталған.

Министр "Келешек мектебі" жобасының басты қағидаларына да тоқталды. Оның айтуынша, білім ордаларында тазалық, тәртіп және педагогтердің бірсарынды жұмыс істемеуі басты назарда болуы тиіс. Мектеп тек білім беретін орын ғана емес, ел болашағын қалыптастыратын маңызды орта болуы керек екенін атап өтті.

Сондай-ақ Жұлдыз Сүлейменова өңірдегі білім сапасының оң көрсеткіштерін атап өтті. Соңғы төрт жылда бұл көрсеткіш 55,5 пайызға жеткен. 2025-2026 оқу жылында 300-ден астам оқушы республикалық деңгейде, ал 27 оқушы халықаралық олимпиадаларда жүлдегер атанған. Министр білім беру саласында жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатқанын жеткізді.

Қазақстанда мектеп бітіру іс-шараларын ұйымдастыруға қатысты талаптар нақтыланған еді.

Мадияр Қапанбек
Автордың басқа материалдары