Malim.kz
Әлем

Мелания Трамптың Эпштейнге қатысты мәлімдемесі жаңа дауға түрткі болды

Сабина Асқарқызы
EPA/MICHAEL REYNOLDS

АҚШ-тың бірінші ханымы Мелания Трамп Джеффри Эпштейнмен байланысы туралы тараған ақпаратты жоққа шығарып, өзін оның құрбандары қатарына жатқызудан бас тартты, деп хабарлайды Malim.kz.

Мелания Трамп әлеуметтік желілерде тараған «Эпштейн мені Трамппен таныстырды» деген мәлімет шындыққа жанаспайтынын айтты. Меланияның сөзінше, ол болашақ жұбайы Дональд Трамппен 1998 жылы Нью-Йорктегі кештердің бірінде танысқан, ал Эпштейнмен тек 2000 жылы ортақ шарада ғана кездескен.

Бірінші ханым Конгресті Эпштейн ісіне қатысты жәбірленушілердің антпен куәлік беруі үшін ашық тыңдаулар өткізуге шақырды. Бұл ұсыныс қоғамда қызу талқыланып, бұрын бәсеңдеген тақырыптың қайта күн тәртібіне шығуына себеп болды.

Мені Эпштейнмен байланыстыратын жалған ақпарат тоқтауы тиіс. Мен оның құрбаны емеспін, – деді Мелания Трамп.

Сарапшылар мұндай мәлімдемені сирек құбылыс деп бағалап отыр. Мысалы, саяси кеңесші Майкл ЛаРоса бірінші ханымның тікелей үндеуін «батыл қадам» деп атады.

Өз кезегінде Мелания Трамп Эпштейннің сыбайласы ретінде сотталған Гислейн Максвеллмен де жақын қарым-қатынаста болмағанын айтты. Оның сөзінше, олар тек әлеуметтік ортада бір-екі рет хат алмасумен шектелген.

Айта кетейік, Эпштейн ісі АҚШ қоғамында әлі күнге дейін қызу талқыланып келеді. Соңғы сауалнамаларға сәйкес, америкалықтардың басым бөлігі бұл іске қатысты барлық мәлімет толық жарияланбаған деп есептейді.

Сабина Асқарқызы
Автордың басқа материалдары