Malim.kz
Шоу-бизнес

"Мені Мейрамбек еткен де – өздеріңіз": Бесбаев 50 жасында жүрек сырын ақтарды

• Алуа Әшірбекова
Фото-коллаж: malim.kz\ ЖИ арқылы өңделген

Танымал әнші Мейрамбек Бесбаев 50 жас мерейтойына арналған концертінен кейін көпшілікке ерекше жазба арнады. Өнер иесі өткен өміріне көз жүгіртіп, шығармашылық жолында өзіне қолдау көрсеткен жандарға ризашылығын білдірді, деп хабарлайды Malim.kz.

Мерейтойдан алған әсерімен бөліскен әнші кешке алыстан ат терлетіп келген ағайынға, әндерін бірге шырқап, қошемет көрсеткен көрермендерге және әлеуметтік желі арқылы ақ тілегін жолдаған барша жанға алғыс айтты.

"Ал ең үлкен алғысым – қазақ еліне, қадірлі көрерменге! Сіздердің әрбір жылы сөздеріңіз, шынайы ықыластарыңыз бен ыстық қошеметтеріңіз мен үшін баға жетпес байлық", – деп жазды әнші.

Өнер иесі жарты ғасырлық белесті өміріндегі ерекше кезеңге балаған. Оның сөзінше, 50 жас – мерейтой тойлап, жетістіктерді тізбелейтін ғана емес, өткенге ой жіберіп, алдағы өміріңе жауапкершілікпен қарайтын шақ.

Сондай-ақ Бесбаев өнер жолындағы жетістіктерін халықтың қолдауымен байланыстырды. Әндерінің жылдар бойы ел аузынан түспей, ұрпақтан ұрпаққа жетуіне көрерменнің ықыласы себеп болғанын атап өтті.

"50 жас – бір белеске жету ғана емес, өткен өміріңе есеп беріп, алдағы жолыңа жауапкершілікпен қарайтын кезең екен. Осы уақытқа дейінгі әндерімнің ғұмыры ұзақ болса, ол – халықтың арқасы. Әндеріме өмір сыйлаған да, мені Мейрамбек еткен де – өздеріңіз!" – деді өнер иесі.

Әнші өмірдің қуанышы мен қиындығын қатар бөлісіп, әрдайым жанынан табылған отбасы мен жақындарын да назардан тыс қалдырмады. Олардың қолдауы мен қамқорлығы үшін ризашылығын жеткізді.

Ел алдында өнер көрсетуді үлкен бақыт санайтын Мейрамбек Бесбаев халықтың сүйіспеншілігін кез келген марапаттан жоғары қоятынын айтты. Сондай-ақ 50 жасты шығармашылық жолының қорытындысы емес, жаңа белесі ретінде қабылдайтынын аңғартты.

"Елдің ықыласынан артық марапат жоқ. Халықтың қошеметінен асқан бақыт жоқ! Ән әлі де шырқалады, өнер әлі де жалғасады!" – деп түйіндеді Мейрамбек Бесбаев.

Айта кетейік, бұған дейін Malim.kz Мейрамбек Беспаевтың 50 жас мерейтойының қалай өткені туралы жазған болатын. Мерекелік кеште әншінің анасы ақ тілегін арнап, АБК тобының мүшелері қайта бас қосты. Сондай-ақ танымал тұлғалардың қолтаңбасы қойылған домбыра бәссаудаға шығарылып, миллиондаған теңгеге бағаланды.

Мейрамбек Беспаев кім?

Мейрамбек Әбіләшімұлы Беспаев – қазақ эстрадасының танымал әншісі, термеші, актер, "МузАРТ" тобының негізін қалаушылардың бірі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.

1976 жылы қарашада Жамбыл облысының Талас ауданында дүниеге келген. Отбасында екі қарындасы бар. Анасы – Жібек Жолдасова.

Өнерге бала кезінен бейім болған Мейрамбек Тараз қаласындағы Глинка атындағы музыка мектебінің қобыз сыныбында білім алған. 1989 жылы Алматыдағы Күләш Байсейітова атындағы республикалық музыка мектебіне ауысқан. Кейін Темірбек Жүргенов атындағы өнер академиясында театр және кино актері мамандығы бойынша білім алды.

Әншінің өнер жолында Қазақстанның халық әртісі, композитор Алтынбек Қоразбаевтың орны ерекше. Ұстазының қолдауымен бала күнінен үлкен сахнаға шыққан Мейрамбек "Бозторғай" әнін орындап, қалың қазаққа танылды.

Кәсіби еңбек жолын Сүйінбай атындағы филармонияда әнші болып бастаған. 2002–2007 жылдары "Қазақконцерт" ұйымында қызмет атқарған.

2001 жылы құрылған "МузАРТ" тобы әншінің шығармашылық жолындағы маңызды белеске айналды. Сәкен Майғазиев және Кенжебек Жанәбіловпен бірге қазақ эстрадасының дамуына үлес қосып, бірнеше буын тыңдарманның ықыласына бөленді.

Мейрамбек Беспаевтың репертуарында лирикалық әндермен қатар термелер, халық әндері мен ұлттық нақыштағы шығармалар бар. Оның орындауындағы "Бозторғай", "Кеш жарық", "Шашбаулым", "Өз елім" сынды әндер көпшілікке кеңінен таныс.

Өнер иесі Қазақстанның түкпір-түкпірінде және шетелдерде гастрольдік сапармен болып, қазақ музыкасын насихаттап келеді.

Әншілік өнермен қатар кино саласында да бақ сынаған. Бала кезінде "Қоштасқым келмейді" фильмінде Нұрсейіттің рөлін сомдаған. Кейін "Ғашық жүрек" және "Ғашық жүрек 2" фильмдеріне түскен.

2019 жылы Алматы қаласы әкімінің мәдениет мәселелері жөніндегі штаттан тыс кеңесшісі болды. 2020 жылы Қазақстан орындаушылар одағының басқарма төрағасы болып сайланды.

Өнердегі еңбегі үшін бірқатар мемлекеттік марапатқа ие болған:

• "Дарын" мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты;

• 2012 жылы "Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері" құрметті атағы;

• 2016 жылы "Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 25 жыл" мерекелік медалі;

• 2026 жылы "Парасат" ордені.

Жеке өміріне келсек, әнші болашақ жары Мархабатпен 2002 жылы Алматыдағы Республика сарайында танысқан. Екеуі 2004 жылы шаңырақ көтеріп, бүгінде Кәусар есімді қыз бен Әбухайыр есімді ұл тәрбиелеп отыр.

Мейрамбек Беспаев жас өнерпаздарға қолдау көрсетіп, олардың шығармашылық дамуына ықпал етіп жүрген аға буын өкілдерінің бірі ретінде де танылған.

2026 жылы әнші 50 жасқа, ал "МузАРТ" тобының құрылғанына 25 жыл толды. Осыған орай өнер иесі бірнеше қалада мерейтойлық концерттер өткізіп, тыңдармандарымен қауышты.

Алуа Әшірбекова
Автордың басқа материалдары