Қазақстанның халық әртісі, белгілі актер Азамат Сатыбалды марқұм әкесінің өмірден өткен сәті туралы әсерлі естелігін бөлісті. Өнер иесі әкесінің соңғы минуттарында жанында болғанын айтып, сол күнгі оқиғаны баяндады, деп хабарлайды Malim.kz.
Актер бұл оқиғаны Еркебұлан Тоқтармен әңгімелесу барысында айтып берген.
Оның сөзінше, әкесі ұзақ уақыт ауырмай, кенеттен дүниеден озған. Сол күні таңертең Азамат Сатыбалды әкесінің ұйықтамай отырғанын байқап, тырнағын алып берген.
"Папам ауырмай, аяқасты қайтыс болды. Менің қолымда рұқсат сұрап қайтты. Таңда келсем, ұйықтамай отыр екен. Содан тырнағын алып бердім. Сақалыма тиме деді", – деп еске алды актер.
Кейін Азамат Сатыбалды демалуға кеткен. Алайда түске қарай оны оятып, әкесінің жағдайы нашарлағанын хабарлаған. Актердің айтуынша, әкесі имам шақыруды өтінген. Осыдан кейін үйге Нұрсұлтан есімді ұстаз келген.
"Төменге түссем, папам ауырып отыр, имамды шақыршы дейді. Нұрсұлтан деген ұстазы бар, сол келді. Ясин сүресін оқыды. Папамның тілі біразға дейін кәлимаға келмеді. Кейін шықты", – деді Азамат Сатыбалды.
Өнер иесі әкесінің соңғы сәтте өзіне қарап жымиғанын және рұқсат сұрағандай болғанын жеткізді.
"Сосын біреуді көргендей жымиып, маған қарап, рұқсат сұрап ұйықтап кетті", – деп баяндады ол.
Актер әкесінің қазасын ауыр қабылдағанын жасырмады. Оның айтуынша, сол сәтте жанында болған дін қызметкері марқұмның дүниеден өтуін "ақ өлім" деп сипаттаған.
"Мен жылап жатсам, Нұрсұлтан ұстаз Алладан сондай өлім сұрап, дұға етіп жатыр. Кейін сұрасам, оның ақ өлім екенін айтты", – деді актер.
Айта кетейік, Азамат Сатыбалдының әкесі 2020 жылы дүниеден өткен.
Еске сала кетейік, Актриса Назгүл Қарабалина Азамат Сатыбалдымен отбасын құрған алғашқы жылдары тұрмыстық қиындықтарды бірге өткергенін айтқан.
Азамат Сатыбалды кім?
Азамат Сатыбалды – қазақстандық танымал театр және кино актері, продюсер, тележүргізуші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.
Өнер иесі 1977 жылғы 2 қарашада Жамбыл облысының Тұрар Рысқұлов ауданында дүниеге келген. Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясын театр және кино актері мамандығы бойынша тәмамдаған.
Еңбек жолын театр сахнасынан бастаған Азамат Сатыбалды Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрында ұзақ жыл қызмет етті. Кейін Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының директоры болды.
Актер "Рэкетир-2", "Анаға апарар жол", "Томирис", "Жұлдыздар тоғысқанда" және басқа да фильмдердегі рөлдері арқылы көрерменге кеңінен танылды.
2022 жылы Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының ректоры қызметіне тағайындалды. Ал 2023-2024 жылдары Шәкен Айманов атындағы "Қазақфильм" киностудиясының президенті қызметін атқарды.
2014 жылы Азамат Сатыбалдыға "Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері" құрметті атағы берілді.