Желіде танымал тұлғалар атынан жалған аккаунттар көбейді. Министр Балаева халықты арандатуға ермей, тек ресми ақпаратқа сенуге шақырды, деп хабарлайды Malim.kz.
Мәдениет және ақпарат министрінің айтуынша, еліміздегі жаңа Конституция жобасын талқылау кезеңінде арандатушылар белсенділік таныта бастаған. Олар қоғамда резонанс тудыратын тақырыптарды желеу етіп, жалған ақпарат таратуда.
Мәселен Мұхтар Шаханов, Шавкат Рахмонов секілді тұлғалардың атынан фейк-аккаунттар ашылып, тіл мен жер туралы жалған үндеулер таратылуда.
«Уәкілетті орган ретінде біз бұл жағдайды жан-жақты зерделеп, тиісті шаралар қабылдап жатырмыз», -деп атап өтті Аида Балаева.
Министрлік тек ресми ақпарат көздеріне сенуге шақырады. Еске сала кетейік, жалған ақпарат тарату Қазақстан заңнамасына сәйкес әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғады.