Атырау облысында із-түссіз кеткен отбасыға қатысты "Qazaq Airan" YouTube арнасы жаңа деректерді жариялады, деп хабарлайды Malim.kz.
Бұған дейін арна тілшілері Жангелдин ауылына арнайы барып, іздеуде жүрген азаматтардың туыстарымен сөйлескен болатын. Сол кезде эфирге шықпай қалған кейбір мәліметтер енді көпшілік назарына ұсынылды. Марқұм Мақсот Қарабалиннің қарындасы Әдемі Шыламағамбетова бұрын айтылмаған жайттарды бөлісті.
"Моргке бардым, өзімнің көзімді жеткізу үішн ағама кірдім. Қолындағы жазуын таныдым. Аузын ашып жатыр екен. "Өзімнің ағам, таныдым" деп айттым. Үстінің бәрі балшық болды. Беті де балшық. Жуындырмай тұрып көрсетті. Жуындырғаннан кейін көрсеткен жоқ", – деді Әдемі Шылмағамбетова.
Еске салайық, Атырау облысында бір отбасының төрт мүшесі бірнеше ай бойы хабарсыз кетіп, бұл жағдай қоғамда үлкен резонанс тудырған еді.
Қаңтар айының басында ерлі-зайыпты Мақсот Қарабалин мен Нәсіп Өтешқалиеваның мәйіттері өз үйлерінің ауласындағы шаруашылық ғимаратынан шамамен бір метр тереңдіктен табылды. Ал олардың балалары – Мейрамгүл Мұқанғалиева мен Наурыз Мұқанғалиев әлі күнге дейін табылған жоқ. Полиция мен құтқару қызметтері жүргізіп жатқан іздестіру жұмыстары әзірге нәтиже бермей отыр.
Тергеу нұсқасына сәйкес, оқиға алдында белгісіз адам ұлдарының атынан "ата-анамды Ташкентке емдетуге апарамын" деген сылтаумен отбасының ұсақ малын сата бастаған. Алайда ұзақ уақыт байланысқа шықпаған Мақсот Қарабалиннің жақындары күдіктеніп, ірі қараны сатуға жол бермеген.
Жоғалған отбасы мүшелеріне алаңдаған туыстары құқық қорғау органдарына арыз түсірген. Тергеу барысында кенже қыз Ақбаян Мұқанғалиева мен оның күйеуі Сұлтан Сәрсемәлиевтің Шымкентке ұшып, кейін Өзбекстан шекарасынан өткендігі анықталған. Кей деректерде олардың бұл елде де тұрақтамағаны айтылып отыр.
Қазіргі уақытта аталған тұлғаларға халықаралық іздеу жарияланған. Күйеу бала негізгі күдікті ретінде қарастырылып жатыр.