Журналист Михаил Козачков өзінің расталған телеграм-арнасында алаяқтың арбауына түскен Алматы мұғалімдері туралы жазыпты.
Журналистің жазуынша, 49 жастағы Оксана деген ханым жоғары білім саласындағы жұмыстарынан кетіп, "Білім беру ісінің құрметті қызметкері" атағын сатуға көшкен. Ол мектептердегі таныстарына аталмыш атақты 450 мың теңгеге алып бере алатынын айтқан. Осылайша, ол төсбелгі алғысы келетін 8 мұғалім тауыпты. Олар ақшаны тікелей Оксананың шотына аударған.
Әрі қарай мәселе сол күйі қалған. Мұғалімдер ақыры полицияға шағымдануға мәжбүр болыпты. Журналист Козачков мұғалімдердің уәжіне назар аударады. Олар пара бермегенін, тек төсбелгіні шығару ақысын төлегендерін айтыпты.
Қазір сот болып, Оксанаға 2 жыл 4 ай орташа қауіпсіз колонияда жазасын өтеу үкімі кесілді. Сонымен бірге, ол зардап шеккендерге 3.6 млн теңге өтеуі тиіс.