Malim.kz
Саясат

Мұның бәрі ұлттың дамуына кері әсер ететін ескірген нарративтер – Ерлан Қарин нағыз қазақтар мен шала қазақтар туралы

Алуа Әшірбекова
Ерлан Карин. Фото: akorda.kz

Вице-президент Ерлан Қарин Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан Халық Кеңесінің алғашқы сессиясында көтерген мәселелеріне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Malim.kz.

Ерлан Қарин әлеуметтік желідегі жазбасында Мемлекет басшысы кейінгі сөздерінде қоғамда кеңінен талқыланатын тақырыптарды ашық қозғап, кейбір қалыптасқан ұстанымдарға жаңаша қарауға үндеп жүргенін атап өтті.

"Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бүгін Қазақстан Халық Кеңесінің бірінші сессиясына қатысты. Жиында бір сағаттан астам уақыт сөз сөйледі. Бірқатар тақырыптарды қамтып, өз ой-пікірін ортаға салды.
Көптеген азаматтар байқаған болар, Президент соңғы уақытта сөйлеген сөздерінің барлығында елді елең еткізер, талқыға түрткі болар ойларын ашық айтып жүр. Осыған дейін Президенттің тарихты тек қасірет ретінде көрсету, жаңа әдептерді қалыптастыру, тазалықты сақтау туралы пікірлері қоғамда қызу талқыланғанын білеміз.

Мемлекет басшысы бүгін де ауыл мен қаланы бөлмеу, адамдарды "асфальтта" өскен қазақтар, шала қазақтар, нағыз қазақтар деп алаламау туралы ойымен бөлісті. Мұның бәрі кезінде қалыптасып кеткен, бүгінде әбден ескірген, ұлттың дамуына кері әсер ететін нарративтер. Шын мәнінде, Президент көпшіліктің көкейінде жүрген дүниені айтты деп ойлаймын. Оны Халық Кеңесінің жиынына қатысқан адамдардың құптап, қолдағанынан-ақ байқауға болады.

Мемлекет басшысы бүгінгі жиындағы ой-пікірі арқылы қоғамда орныққан кейбір ұстанымдар мен жекелеген құндылықтарды қайта қарау керек екенін аңғартты. Расында, ұлттың жаңа сапасын қалыптастырып, бірегейлігімізді одан әрі нығайтамыз десек, қоғамның дамуын тежейтін кейбір екіұшты көзқарастардан бас тартқан абзал.

Ұлттық бірегейлік пен бірліктің бірден бір негізі – тұтастық, яғни, азаматтарды бөліп-жармау, жік-жікке бөлмеу. Сондықтан Президент айтқан ойдың түпкі мәні ұлттық менталитет пен психологияда қалыптасып кеткен осындай кеселдерден арылу керектігінде болып тұр. Мұны да ендігі жерде назарға алуға тиіспіз", – деп жазды Ерлан Қарин.

Алуа Әшірбекова
Автордың басқа материалдары