Malim.kz
Әлем

Мыңдаған израильдік Португалия азаматтығын алмақ

Айбын Атабай

Мыңдаған адам Португалия азаматтығын алу үшін Израильдегі елшілік алдында ұзын-сонар кезекке тұрды, деп хабарлайды Анадолы.

Times of Israel сайтының мәліметінше, елшілік тұрғындардың интернет арқылы қабылдауға жазылу кезінде кедергілерге тап болуына байланысты «Ескі уақытқа оралу» деп аталатын жеке қабылдау күнін ұйымдастырды. Бұл көпшіліктің қызығушылығын тудырды.

Португалия азаматтығын алуға немесе португал төлқұжатын ұзартқысы келген израильдіктердің кезегі елшіліктің кіреберісінен жерасты автотұрағына дейін созылып жатты. 

Израильдіктер үшін Португалия азаматтығы

2015 жылы Португалия ХVI ғасырдағы инквизиция кезінде зардап шеккен сефард еврейлерінің ұрпақтарына азаматтық алуға өтініш беру құқығын қолданатын заң қабылдады. 2023 жылы өтініштердің көп болуына байланысты Португалия үкіметі заңға қатаң шарттар енгізді.

Израильдіктер Еуропалық Одақ аумағында еркін жүріп-тұру, ондағы университеттерге оңай қол жеткізу және білім беру шығындарын азайту үшін Португалия азаматтығын алуға ұмтылады.

Израиль Газа секторына жаппай шабуыл жасаған 2023 жылдың қазан айынан бері екінші төлқұжат іздеген израильдіктердің саны айтарлықтай өсті. Он мыңдаған тұрғын елден кетіп, Португалия азаматтығына қызығушылық айтарлықтай артты.

Айбын Атабай
Автордың басқа материалдары