Malim.kz
Әлем

NASA жарты ғасырдан кейін Айды айналып өтетін алғашқы миссияны ұшырады

Арман Қайыпхан
Фото: НАСА

“Артемида-2” (Artemis II) миссиясының ұшырылымы Астана уақытымен 2 сәуір күні 03:24-ке жоспарланған, деп хабарлайды Malim.kz.

Төрт астронавт ғарышта шамамен он тәулік болады. Осы уақыт ішінде Orion кемесі Айды айналып өтіп, қайта оралу траекториясы бойынша Жерге қайтып келеді.

Экипаж құрамында – командир Рид Уайзман, пилот Виктор Гловер, инженер Кристина Кох және канадалық астронавт Джереми Хансен бар. Ол – Канада атынан қатысып отырған және әріптестерінен айырмашылығы, алғаш рет ғарышқа ұшқалы отыр (қалғандары бұған дейін Халықаралық ғарыш станциясында болған).

Бұл – 1972 жылы жүзеге асқан Apollo 17 бағдарламасынан бері Жердің төмен орбитасынан тыс аймаққа бағытталған алғашқы пилотты миссия. Ұшу SLS зымыраны мен Orion кемесі үшін маңызды сынақ болады: экипаждың қатысуымен тіршілікті қамтамасыз ету, навигация, тарту және атмосфераға жоғары жылдамдықпен кіру жүйелері тексеріледі.

Миссия Artemis program аясында (Artemis III-тен бастап) Айға тұрақты қонуды жүзеге асыруға және болашақта Марсқа ұшуға жол ашады.

Әлемнің түкпір-түкпіріндегі әлеуметтік желі қолданушылары ұшырылымның тікелей трансляциясын көруге ниетті екенін айтып, толқынысын жасыра алмай отыр. Себебі адамзат қайтадан терең ғарышты зерттеу кезеңіне қадам басуда.

Арман Қайыпхан
Автордың басқа материалдары