Malim.kz
Қоғам

Наташа Қалымбетованың қызы АҚШ-та табылды деген болжам бар

Арман Қайыпхан
Фото: видеодан кадр

Зорлық-зомбылықтан кейін дүниеге келген қызы 30 жылдан соң табылды, деп хабарлайды Malim.kz.

«НеМолчи» қорының негізін қалаушы Дина Тансари Наташа Қалымбетоваға қатысты резонанс тудырған іс бойынша жаңа мәліметтермен бөлісті.

Еске салайық, бірнеше күн бұрын Наташаның оқиғасы қазақстандықтарды есеңгіреткен еді. Мектеп оқушысы кезінде оны ауылдың төрт тұрғыны зорлаған.

Осы қылмыстың салдарынан қыз бала дүниеге келген. Арада 30 жылдан астам уақыт өткен соң Наташа қызын табуға үміттеніп жүр.

«Бүгін біз қызды тапқанымызды хабарладық. Оның шынымен Наташаның қызы екеніне қатысты нақты түсінік қалыптасты. Оқиға жария болғаннан кейін біз болжамды қыз туралы көптеген ақпарат алдық. Барлығын мұқият салыстырып, тексердік. Сол түні команда болып көз ілмедік. Наташа мен адвокаттар да ұйықтамады. Барлық деректер бойынша бұл оның қызына ұқсайды. Біз оның бала кезіндегі суретін таптық. Наташа оны бірден таныды. Бұл ең толқынысты сәт болды. Наташа оның дәл өзі екенін айтты», – деді Тансари.

Бұған дейін әйел қызының АҚШ азаматтары тарапынан асырап алынғанын айтқан болатын. Сондықтан қазір ол Америкада тұруы мүмкін.

Сонымен қатар қор басшысы қазақстандықтардан қызды іздеуді тоқтатып, оның отбасын мазаламауға шақырды.

«Баршаңызға үлкен өтінішіміз бар. Бұл Наташа үшін де, біз үшін де, оның қызы үшін де өте ауыр жағдай. Іздеуді тоқтатайық, өйткені біз оны таптық. Қазіргі таңда қолымыздағы ақпарат жеткілікті. Қыздың отбасына түсіністікпен қарайық. АҚШ-тағы менталитет басқа. Ақпараттың мұндай ағыны мен іздеу жұмыстары Наташаны алаңдатып отыр. Адамдардың сезіміне құрметпен қарайық», – деді Тансари.

Наташа Қалымбетова ұзақ жылдардан кейін қызымен байланысын қалпына келтіріп қана қоймай, қылмысқа кінәлілердің жазалануына да қол жеткізгісі келеді.

Қазіргі уақытта қылмыстық іс қозғалған. Батыс Қазақстан облысының полиция департаменті мәліметінше, іс аясында барлық уәждер тексерілуде.

Қылмыстық істің қозғалғанын Қазақстанның ішкі істер вице-министрі Санжар Әділов де растады.

Арман Қайыпхан
Автордың басқа материалдары