Malim.kz
Әлем

НАТО-ның әуе қорғанысы Иран зымыранын Түркияға жетпей жойды

Арман Қайыпхан
Фото: Morteza Nikoubazl/NurPhoto/picture alliance

НATO-ның Шығыс Жерорта теңізінде орналасқан әуе және зымыранға қарсы қорғаныс жүйелері Ираннан ұшырылған, Түркияның әуе кеңістігіне бағытталған баллистикалық зымыранды жойды. Бұл жайлы сәрсенбі, 4 наурыз күні Түркияның Қорғаныс министрлігі мәлімдеді, деп хабарлайды Malim.kz.

Ведомство мәліметінше, баллистикалық зымыран Сирия мен Ирактың әуе кеңістігі арқылы ұшып өткеннен кейін «НАТО-ның әуе және зымыранға қарсы қорғаныс құралдарымен дер кезінде тосқауыл қойылып», залалсыздандырылған. Зымыран сынықтарының бірі Түркияның Хатай провинциясындағы Дөртйол ауданы аумағына құлаған. Зардап шеккендер жоқ, деп нақтылады Қорғаныс министрлігі.

Түркия билігі елге қарсы бағытталған кез келген дұшпандық әрекетке жауап беру құқығын өзінде қалдыратынын мәлімдеді. «Біздің аумақ пен әуе кеңістігін қорғау үшін барлық қажетті қадамдар батыл әрі кідіріссіз жасалады», – делінген мәлімдемеде.

Оқиғадан кейін Түркияның Сыртқы істер министрі Хакан Фидан ирандық әріптесімен телефон арқылы сөйлесіп, соғыстың ушығуына әкелуі мүмкін кез келген әрекеттен Иран билігін сақ болуға шақырған. Бұл туралы AFP агенттігіне министрліктегі дереккөз хабарлаған.

НАТО Иранның Түркияға бағытталған зымыран ұшыруын айыптады

Зымыран ұшырылғанын NATO да растады. Альянстың баспасөз хатшысы Элисон Харт оқиғадан кейін: «Иранның Түркияны нысанаға алуын айыптаймыз. Иран аймақтағы бейберекет шабуылдарын жалғастырып жатқан кезде НАТО барлық одақтастарын, соның ішінде Түркияны да, мызғымас қолдайды. Тежеу және қорғаныс ұстанымымыз барлық салада, оның ішінде әуе және зымыранға қарсы қорғаныс бағытында да, берік күйінде қалады», – деп мәлімдеді.

Сонымен қатар АҚШ Қорғаныс министрі Пит Хегсет Ираннан Түркияның әуе кеңістігіне қарай ұшырылған баллистикалық зымыранды НАТО-ның жоюы Альянстың ұжымдық қорғаныс туралы 5-бабын қолдануға негіз болмайтынын айтты.

Ирандағы соғыс және Тегеранның Таяу Шығыс елдеріне соққылары

28 ақпан күні таңертең Израиль мен АҚШ Иран аумағына соққы жасай бастады. АҚШ президенті Дональд Трамп Ислам Республикасының ядролық бағдарламасын жою ниетін мәлімдеді. Ол иран армиясын қаруын тастауға, ал ел тұрғындарын «тағдырын өз қолына алуға» шақырды.

3 наурыз күні Иранның мемлекеттік БАҚ-ы соққылар салдарынан елде кемінде 787 адам қаза тапқанын хабарлады. Бұған жауап ретінде Тегеран Израильге және Таяу Шығыстағы бірнеше елге соққы жасаған, ол жақта да қаза тапқандар бар. Иран билігі көрші елдермен соғыспайтынын, тек аймақтағы америкалық әскери базаларды нысанаға алып отырғанын мәлімдеді.

Арман Қайыпхан
Автордың басқа материалдары