Malim.kz
Экономика

«Наурыз» бағдарламалары арқылы тұрғын үйге қолжетімділік артты

Ереке Базарқұл
© ҚР Үкіметінің баспасөз қызметі

Қазақстанда халықтың әлеуметтік осал санаттары үшін 7,2 мыңға жуық пәтер сатып алынды.

Сонымен қатар «Наурыз» және «Наурыз Жұмыскер» тұрғын үй бағдарламалары аясында жалпы сомасы 205,7 млрд теңге болатын тұрғын үй қарыздары берілді. Бұл туралы Үкіметтің жыл қорытындысына арналған баспасөз мәслихатында өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Қуандық Қажкенов мәлімдеді.

Оның айтуынша, тұрғын үй кезегін есепке алу функциясының «Отбасы банкіне» берілуі процестің ашықтығын арттырып, әділ тетіктерді қалыптастыруға мүмкіндік берген. Қазіргі таңда ел бойынша тұрғын үй кезегінде 960 мыңнан астам азамат тіркелген.

Сонымен қатар мемлекет тұрғын үйді жалға алу шығындарын субсидиялау шараларын жалғастырып келеді. Бұл қолдауды 11 мыңнан астам адам пайдаланып, бюджеттен 7,6 млрд теңге бөлінген.

Бұдан бөлек, жылдық мөлшерлемесі 2% және 5% болатын 4,9 мың жеңілдетілген тұрғын үй қарызы берілген. Аталған шаралар азаматтардың баспанаға қолжетімділігін арттыруға бағытталған.

Ереке Базарқұл
Автордың басқа материалдары