Malim.kz
Қоғам

Назарбаев Дубайда қалған қазақстандықтарды резиденциясына паналатады деген қауесет тарады

Мадияр Қапанбек
Фото: Ашық дереккөзі

Threads пен өзге әлеуметтік желілерде «Нұрсұлтан Назарбаев Дубайда қиын жағдайда қалған қазақстандықтарды өз резиденциясына қабылдауға дайын» деген ақпарат кеңінен тарады. Жұрт арасында бұл хабарға қатысты пікір қақ жарылып, бір бөлігі үміт артса, енді бірі шындыққа жанаспайтынын айтты. Қазірше аталған мәліметке қатысты ресми растау немесе түсініктеме жарияланған жоқ, деп хабарлайды Malim.kz.

Kznews.kz жазуынша, Threads платформасында Traveldatkz атауымен тіркелген парақша «шұғыл» деп, Дубайдан шыға алмай қалған отандастарды Назарбаев өз резиденциясына паналатпақ деген мазмұнда жазба қалдырған.

Алайда желі қолданушылары бұл ақпаратқа бірден сене қоймады. Кейбірі «рас болса, үлкен көмек болар еді» деп қолдау білдірсе, тағы бірі «ол бұл кезде Астанада ауызашарда жүрген деген әңгіме бар» деп күмән келтірген.

Пікірлер арасында мысқыл аралас сөздер де кездесті: жұрттың бір тобы мұндай қадам жасалса адамгершілікке баласа, енді бірі «резиденциясының табалдырығынан аттатпас» деген сарындағы ойларын жазған. Соған қарамастан, көпшілік Дубайда тұрып қалған қазақстандықтарға амандық тілеп, елге тез оралуын қалаған.

Мадияр Қапанбек
Автордың басқа материалдары