Танымал актер, тележүргізуші Азамат Сатыбалды журналист Жанар Байсемізге берген сұхбатында Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев туралы пікір білдірді, деп хабарлайды Malim.kz.
Өнер иесінің айтуынша, экс-президентпен бірнеше рет кездескен және әр жолы Назарбаев оған ерекше ілтипат танытқан. Актердің сөзінше, мемлекет басшысы оны көрген сайын амандасып, жылы қабақ танытып жүрген.
"Нұрсұлтан Әбішұлы мені ерекше жақсы көрді. EXPO көрмесінің ашылуында барып амандасқанымда, ол кісі мені құшақтап, ортаға алып шығып, жанында тұрған адамдардың бәріне: "Қазақстандағы мен жақсы көретін актердің бірі" деп таныстырды. Менің “Жұлдыздар тоғысқанда” фильміндегі рөлім оған қатты ұнаған екен. Ол картинада ерекше образды сомдадым", – деді Азамат Сатыбалды.
Актердің айтуынша, Назарбаев оның шығармашылығын жақсы білетін болған. Әсіресе түрлі іс-шараларды жүргізетінін көріп, еңбегін бағалап отырғанын айтқан.
"Мен көп іс-шара жүргіземін ғой, соның бәрін көріп жүрген адам. Енді нақты айта алмаймын, бірақ ол кісінің маған ерекше қарағаны рас. Әр кездескенде амандасып, хал-жағдайымды сұрап тұратын", – деді ол.
Сонымен қатар Азамат Сатыбалды экс-президент туралы теріс пікір айтатындармен келіспейтінін жеткізді. Оның сөзінше, кез келген адамды сынамас бұрын, оның жасаған жақсы істеріне назар аудару керек.
"Ол кісіні не үшін жамандаймыз? Жалпы адамды жамандаудан бұрын, оның жақсы жағын іздеу керек. Мен бұл қасиетті Асанәлі ағадан үйрендім. Мен оның жанында 25 жылдай жүрдім, сол уақыт ішінде бірде-бір адамды жамандағанын көрген емеспін", – деді актер.
Өнер иесі адамдардың кемшілігін іздей берсе, ешкімнің мінсіз болмайтынын атап өтті.
"Біз бәріміз пендеміз, кез келген адамның қателігі болады. Егер сол қателіктерді ғана айта берсек, ешкімнен жақсылық таппаймыз. Сондықтан қазақтың “Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын” деген сөзін ұстанған дұрыс. Нұрсұлтан Әбішұлының ел үшін жасаған еңбегі бар, мен соны көріп, бағалаймын", – деп түйіндеді актер.
Айта кетейік, Азамат Сатыбалды – кино, театр және теледидар саласында танылған актер. Ол Жамбыл облысында дүниеге келген. Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының актері, сондай-ақ Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының ректоры қызметін атқарады. Актер 2014 жылы "Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері" атағына ие болған.
Бұған дейін Азамат Сатыбалды отбасындағы ең қиын кезеңдердің бірі туралы ашық әңгімелегенін жазған едік.