Malim.kz
Қоғам

"Не істерімді білмей, абдырап қалдым": Жігер Ауыпбаев әйелінің денсаулығына алаңдады

Мадияр Қапанбек
Жігер Ауыпбаев жұбайымен. Фото-коллаж: Malim.kz / ЖИ

Танымал әнші Жігер Ауыпбаев жұбайының денсаулығы сыр бергенін айтып, оған алаңдаушылық білдірді, деп хабарлайды Malim.kz.

Өнер иесінің сөзінше, екеуі де тамақтан уланып қалған. Соған қарамастан олар Өскеменге ұшып бара жатқанын әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.

"Мен ауырғанда қу жаны қалмай шырылдап жүріп емдеп алушы еді… Енді екеуіміз де "отравление" болып алып, тып-тыныш Өскеменге ұшып бара жатырмыз. Алтыным сол, мен-ақ ауыра берейін. Сен ауырмашы. Сенің қиналғаныңды көріп, не істерімді білмей, абдырап қалып жатырмын. Сен тек күліп, жадырап, жайнап жүрші. Сенің күліп жүргенің мен үшін мереке екен. Алла шипа берсін алтыным", – деп жазды әнші.

Жігер Ауыпбаев жарының қиналғанын көру өзіне ауыр тиетінін айтып, оның тезірек сауығып кетуін тіледі.

Еске сала кетейік, Жігер Ауыпбаев тікелей эфир кезінде қазіргі жары Муминаның анасын көпшілікке көрсеткен еді.

Жігер Ауыпбаев кім?

Жігер Ауыпбаев – қазақ эстрадасында лирикалық әндерімен танылған әнші. Ол 1987 жылғы 3 мамырда Алматы облысы Райымбек ауданына қарасты Кеген ауылында дүниеге келген.

Өнерге жастайынан қызыққан Жігер 2005 жылы туған ауылындағы мектепті тәмамдаған. Кейін Жүсіпбек Елебеков атындағы республикалық эстрада-цирк колледжіне түсіп, кәсіби музыкалық білім алды. Оқу барысында вокал, актерлік шеберлік және сахна мәдениетін меңгеріп, болашақ шығармашылығына қажетті тәжірибе жинады.

Әншінің көпшілікке кеңінен танылуына 2007 жылы құрылған "Меломен" тобы үлкен ықпал етті. Ол ұжым құрамында Қайрат Мырзаханов, Ролан Қазретов және Ғабит Әбілдаевпен бірге өнер көрсетті. "Меломен" аз уақыттың ішінде қазақ тіліндегі әуезді әндерімен тыңдарман ықыласына бөленді.

Топтың "О, махаббат", "Арман шағала", "Келеді кездескім" секілді әндері кең таралып, Жігер Ауыпбаевтың да орындаушы ретінде танылуына жол ашты. Ұжым құрамында өткен жылдар оның сахналық тәжірибесін арттырып, өзіндік орындау мәнерін қалыптастыруына мүмкіндік берді.

Кейін Жігер Ауыпбаев "Меломен" тобынан шығып, жеке шығармашылыққа бет бұрды. Жеке әнші ретінде ол негізінен лирикалық бағыттағы туындыларды орындауға басымдық берді. Оның репертуарында махаббат, сағыныш, достық, өмір және адам сезімі туралы әндер жиі кездеседі.

Көпшілікке "Жоғал әрі", "Ұлың маған ұқсаған", "Көкжалдар рухы", "Кішкентай қыз", "Жаман досым" сияқты туындыларымен де таныс. Әншінің шығармашылығында заманауи эстрадалық үн мен ұлттық әуен элементтері қатар ұштасады. Жігер Ауыпбаев сезімге толы әндерді өзіндік қоңыр мәнерімен орындауымен ерекшеленеді. Ол топ құрамында да, жеке шығармашылықта да тұрақты тыңдарман аудиториясын қалыптастыра алды. Бүгінде әнші шығармашылық жұмысын жалғастырып, қазақ эстрадасының танымал өкілдерінің бірі ретінде сахнада өнер көрсетіп жүр.

Мадияр Қапанбек
Автордың басқа материалдары