Қазақстанның халық әртісі Гүлжамал Қазақбаева атақ алғаннан кейін де автобуспен жүретінін айтты. Актрисаның сөзінше, немересі оған халық әртісі деген атына сай киініп жүру керегін айтып, қоғамдық көлікке мінгенін де құптамайды. Ол бұл жайында "Өмір өрнегі" бағдарламасында сөз қозғады, деп хабарлайды Malim.kz.
Актрисаның айтуынша, құрметті атақ күнделікті әдетін өзгерткен жоқ. Ол автобуспен жүргенді ұнатады. Жолда өз ойымен оңаша қалуға да уақыт табатынын айтты.
“Халық әртісі болғаннан кейін де сол баяғыдай бәрі. Немерем ұрысады “халық әртісі болған соң, соған сай киініп жүру керек” деп. Қоғамдық көлікте жүргенді жақсы көремін. Немерем “позор” дейді. Не болыпты, халық жүрген қоғамдық көлік қой, ойланып барасың автобуста”, - деді Қазақбаева.
Гүлжамал Қазақбаева кім?
Гүлжамал Мұқажанқызы Қазақбаева – театр және кино актрисасы, Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты. Ол 1949 жылғы 7 ақпанда Кербұлақ ауданының Көксай ауылында дүниеге келген. 1966–1968 жылдары Мұхтар Әуезов атындағы академиялық драма театр жанындағы студияның актерлік бөлімінде оқыған.
Актриса еңбек жолын 1969 жылы Шымкенттегі Жұмат Шанин атындағы қазақ драма театрында бастады. Сол сахнада "Қозы Көрпеш – Баян сұлуда" Баянды, "Ақан сері – Ақтоқтыда" Ақтоқтыны, "Қобыланды батырда" Құртқаны сомдады. Шекспирдің "Асауға тұсау" комедиясында Бьянканы, Шыңғыс Айтматовтың "Арманым – Әселім" қойылымында Әселді ойнады.
1978 жылы Алматыдағы Ғабит Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер театрына ауысты. Мұнда Шекспирдің "Гамлетінде" Офелияны, Мұхтар Әуезовтің "Қаралы сұлуында" Қарагөзді, Шерхан Мұртазаның "Бесеудің хатында" Балымды ойнады. Сондай-ақ "Зар заман" қойылымында Бопай ханшаны, "Қыз Жібекте" Шәйінді сомдады. Актриса басты кейіпкерді ойнаған Мұхтар Әуезовтің "Алуа" спектаклі 1984 жылы Мемлекеттік сыйлыққа ие болды.
Гүлжамал Қазақбаева кино мен телехикаяларға да түсті. 1985 жылғы "Гепард оралуда" фильмінде Дариғаны, 1988 жылғы "Адамдар арасындағы бөлтірікте" Маржанның анасын ойнады. 2009 жылы "Ағайынды" телехикаясында Ғалияның рөлін сомдаса, 2011 жылы "Дәрігер Ахметова" хикаясында басты кейіпкердің енесін ойнады.
1992 жылы оған Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі атағы берілді. 2011 жылы "Құрмет", 2018 жылы "Парасат" орденімен марапатталды. Ал 2025 жылы Республика күніне орай "Қазақстанның халық әртісі" атағын алды.