26 жастағы Айше Ирем Хемниц қаласында өткен неміс тілді Poetry Slam поэзия байқауының чемпионы атанды. Финалда ол 80 қарсыласын артта қалдырып, бұл атаққа ие болған тұңғыш мұсылман, тұңғыш мигрант және үшінші әйел болды, деп хабарлайды Malim.kz DW-ге сілтеме жасап.
Мамандығы бойынша архитектор Айше өз шығармаларында Германиядағы тұрмыстық нәсілшілдік пен “ешқашан жеткілікті ақ бола алмау” сезімін көтереді.
Мысалы, ол мектеп кезінде үзіліс кезінде түрік тілінде сөйлеуге тыйым салынғанын, Ханаудағы терактіні, сондай-ақ аты-жөніне байланысты пәтер мен жұмысқа қабылданбаған сәттерін еске алады.
Түркияда неміс акцентімді жасыруға тырысамын, ал Германияда еркін немісше сөйлегеніммен, басымдағы орамалды бәрібір көреді, – дейді Айше.
Байқауда екінші орынды Бавариядан келген Юлиус Альтетмар, үшінші орынды австриялық Лиа Хартль иеленді. Ал топтық номинацияда Берлиндік Wortwin & Slamson дуэті қатарынан үшінші рет жеңіске жетті.
Poetry Slam – бұл заманауи поэтикалық сайыс, мұнда авторлар өз мәтіндерін көрермен алдында оқиды. Қатысушыларға сахналық реквизит не костюм қолдануға болмайды – тек сөз, дауыс, ым-ишара және мимика рұқсат етіледі.
Биыл байқау 29-шы рет өтті. Оған Германия, Австрия, Швейцария, Италия, Бельгия, Лихтенштейн және Люксембург елдерінің неміс тілді ақындары қатысты.