Немістің Frankfurter Allgemeine Zeitung (FAZ) газеті Балқандағы меншікті тілшісі Михаэль Мартенстің Украина президенті Владимир Зеленскийге «ресейлік сарбаздарды өлтіру» туралы қойған сұрағына өкініш білдірді. Газеттің баспасөз қызметі дүйсенбі, 10 тамыз күні немістің dpa және epd агенттіктеріне берген мәлімдемесінде сұрақтың «екіұшты тұжырымдалғанын және бұған өкініш білдіретіндерін» хабарлады.
8 тамызда Белградта өткен Украина президенті Владимир Зеленский мен Сербия президенті Александр Вучичтің бірлескен баспасөз мәслихатында Мартенс Украина президентінен еуропалықтар Украинаға «көбірек ресейлікті өлтіруге» көмектесу үшін не істей алатынын сұрады. «Әрине, ресейлік сарбаздарды», – деп журналист бірден түзетті. Сұрақ ағылшын тілінде Украина Қарулы күштерінің арсеналын күшейту және Ресейді келіссөздерге қалай ынталандыруға болатыны туралы пікірталас аясында қойылды.
FAZ баспасөз хатшысының айтуынша, журналист сарапшылар арасындағы «Ресейді бейбіт келіссөздер жүргізуге мәжбүрлеу үшін Ресей армиясына жеке құрам мәселесінде қиындық туғызу жолдары» туралы пікірталасты меңзеген.
FAZ редакциясының ұстанымы Ресей Федерациясының мүмкіндігінше көп сарбазын өлтіруді қолдау емес екені газеттің мәлімдемесінде айтылды. Сонымен бірге басылым «халықаралық құқықпен кепілдік берілген Украинаның өзін-өзі қорғау құқығын және Ресейдің агрессиялық соғысын мүмкіндігінше тез тоқтатуды» қолдайтынын білдірді.
«Сөз бостандығы, әсіресе баспасөз мәслихатында сұрақ қою құқығын да қамтиды», – деп атап өтті FAZ баспасөз қызметі.
Ресей СІМ-нің реакциясы
Ресей Сыртқы істер министрлігі мен ресейлік үгіт-насихат құралдары журналисті қатты сынға алып, оны «қоңыр насихатшы» деп атады және «орыстарды адамсыздандырумен» айналысады деп айыптады.
Бұған жауап ретінде журналист X әлеуметтік желісінде «Украинаға ресейліктерді өлтіруге қалай көмектесуге болатынын сұраудың ешқандай жанжалды немесе даулы тұсы жоқ» деп жазды.
Кейін интернетте Михаэль Мартенсті жұмыстан шығаруды талап еткен неміс тіліндегі петиция пайда болды. Оның авторы – оңшыл популистермен байланысы бар венгриялық инфлюенсер Денис Карбаг. Құжатқа шамамен 4000 адам қол қойған.
FAZ баспасөз қызметінің хабарлауынша, Мартенске де қоқан-лоқы жасала бастаған. Газет мұндай әрекеттерді жол беруге болмайтын жағдай деп атап, заң аясында жауап беруге уәде етті.