Непал мен Қытайда жойқын су тасқынынан кейін 3 мыңнан астам адам хабар-ошарсыз кеткен. Құтқару жұмыстары төртінші күн қатарынан жалғасып жатыр, деп хабарлайды Malim.kz.
Ең ауыр жағдай Непалда қалыптасқан. Елде 600-ден астам адамның қаза болғаны расталды. Қытайда кемінде жеті адам көз жұмған. Зардап шеккен аймақтарда жоғалғандарды іздеу жұмыстары жүріп жатыр. Алайда демалыс күндері күтілетін жаңа жауын-шашын құтқарушылардың жұмысына кедергі келтіруі мүмкін.
Непал билігі халықаралық қауымдастықтан арнайы көмек сұрады. Елге, атап айтқанда, мәйіттерді сақтау үшін қосымша тоңазытқыш камералар қажет.
Билік қолда бар мүмкіндіктердің жеткіліксіз екенін мәлімдеді. Тұлғасы анықталмаған мәйіттерді жаппай жерлеу жоспарланып отыр. Құтқару операциясына Қытай мамандары да қосылды.
Спутниктік деректерге сәйкес, апатқа Непалдың солтүстігіндегі Лангтанг Лирунг тауы маңында мұздықтың ірі бөлігі опырылуы себеп болуы мүмкін. Ені шамамен 600 метр болатын мұздық бөлігі бөлініп, артынша көшкін жүрген.
Шамамен 2100 метр биіктіктен мұз, су, тас пен топырақтың орасан массасы төмен қарай құлаған. Соққының күші соншалықты жоғары болғандықтан, бастапқыда оны жер сілкінісі деп қабылдаған.