Мамандардың айтуынша, келесі жылдың шілдесінен бастап ипотека бойынша шекті мөлшерлеме жаңа тәсілмен – LTV (Loan-to-Value) әдісі арқылы есептелмек. Бұл дегеніміз, несие пайызы бастапқы жарнаның көлеміне қарай өзгеретін болады, деп хабарлайды Malim.kz.
Үкіметтегі брифингте Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов жаңа жүйенің қалай жұмыс істейтінін түсіндірді. Оның айтуынша, 1 шілдеге дейін ипотекалық несиелер бойынша жылдық тиімді мөлшерлемені анықтайтын жаңа әдістеме әзірленеді. Бұрынғыдай бір ғана шекті пайыз (20% немесе 25%) болмайды – пайыздық мөлшерлеме бастапқы жарна мен несие мерзіміне байланысты бекітіледі.
ҚНРДА төрағасы Мәдина Әбілқасымова LTV ұғымын нақтылап өтті:
"LTV – бұл несие сомасының пәтер құнына пайыздық арақатынасы. Мысалы, LTV 70% болса – пәтердің 70%-ын банк несиелейді, ал қалған 30%-ын сатып алушы бастапқы жарна ретінде өзі төлейді. Бастапқы жарна ұлғайған сайын несие көлемі де, сәйкесінше мөлшерлеме де азаяды", – деді ол.
Әбілқасымованың сөзінше, бұл әдіс тұрғындарды бастапқы жарнаны көбірек жинауға ынталандырады, оның ішінде банктердегі тұрғын үй депозиттері арқылы.
"Қазірдің өзінде кейбір банктер бастапқы жарна жинауға арналған жаңа депозиттік өнімдерді жоспарлап отыр. Бастапқы жарна көп болса, несиеңіз азаяды, қарыз жүктемесі төмендейді. Бұл – азаматтардың қауіпсіздігі үшін маңызды тетік", – деп қосты агенттік басшысы.