Malim.kz
Қоғам

Ниқаб киюді шектеу: заң қалай жұмыс істеп жатыр?

Айбын Атабай
Pixabay

Қазақстанда қоғамдық орындарда бет-жүзді тануға кедергі келтіретін киім киюге заң жүзінде тыйым салынды. Бұл талап былтыр қабылданған «Құқықбұзушылық профилактикасы туралы» заң аясында енгізілген, деп хабарлайды Malim.kz Хабар арнасына сілтеп. 

Заң нормасына сәйкес, енді никаб секілді бет-әлпетті толық жабатын киім қоғамдық орындарда заң бұзушылық болып саналады. Алайда талап барлық жағдайда бірдей қолданылмайды. Атап айтқанда, қызметтік міндеттерді орындау кезінде, медициналық қажеттілік туындағанда, азаматтық қорғаныс жағдайында, ауа райының қолайсыздығында немесе спорттық іс-шараларға қатысқанда бет жабуға рұқсат етіледі.

Жаза қарастырылған

Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекске енгізілген өзгерістерге сәйкес, бұл талапты бұзғандарға жаза қолданылады. Бірінші рет ескерту беріледі, ал қайталанған жағдайда 10 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады.

Сонымен қатар, заңға қайшы контент таратқандарға және мемлекеттік органдардың нұсқауларын орындамағандарға да жауапкершілік қарастырылған.

Заң қалай жүзеге асуда?

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Ермұрат Бапидің айтуынша, заң нормалары қазірдің өзінде өз нәтижесін бере бастаған.

«Қазір қала іші, қай жер болсын байқасаңыздар, бет-аузын жасырып, қара киім кигендердің саны азайды. Себебі, заң нормасы қазір жүзеге аса бастады. Оны тиісті мемлекеттік құзырлы органдар бақылауға алды. Қазір онлайн режимдегі идеологияға айналып бара жатқан теріс діни ағымдарға қарсы елдің салтын-дәстүрін, ұлттық мүддесі мен мұратын сақтау тұрғысында үлкен жұмыстар жүргізіліп жатыр», – деді депутат.

Діни тұрғыдан көзқарас

Мамандар бұл талаптың діни міндетке қайшы келмейтінін айтады. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Шариғат және пәтуа бөлімінің маманы Елбек Тасболатұлы никабтың шариғатта міндетті емес екенін атап өтті.

«Ниқаб шариғатымыздың талабы емес. Тіпті ханафи мазхабында ол таралмаған. Ондай киім киіп өзін ерекшелеу дінімізде құпталмайды. Заңды ескере отырып, соған сай амал жасауға үндейміз. Қоғамдық қауіпсіздік үшін адамдардың беті ашық болғаны дұрыс», – деді ол.

Қауіпсіздік басты назарда

Сарапшылардың пікірінше, бұл заң ең алдымен қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, сондай-ақ азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға бағытталған.

Айта кетейік, мұндай тәжірибе әлемнің бірқатар елдерінде, оның ішінде кейбір мұсылман мемлекеттерінде де қолданылады. 

Айбын Атабай
Автордың басқа материалдары