Malim.kz
Шоу-бизнес

Нұрлан Есенқұлов Мақсат Ақановқа араша түсті

Алуа Әшірбекова
Фото-коллаж: әлеуметтік желі

Белгілі айтыскер ақын Нұрлан Есенқұлов әлеуметтік желіде сынға қалған Мақсат Ақановқа қолдау білдірді. Ол әріптесімен сөйлескенін айтып, ақынның болған жағдайға өкініп отырғанын жеткізді, деп хабарлайды Malim.kz.

Бұған дейін әлеуметтік желіде Мақсат Ақановтың Шайыр ауылында өткен айтыста айтқан сөзі таралып, көпшіліктің талқысына түскен еді. Әнші Нұргүл Хасанова да бұл жағдайға пікір білдіріп, ақынның сөзін сынға алған.

Нұрлан Есенқұлов Мақсат Ақановпен бұрыннан араласатынын айтып, көпшілікті оның ағат әрекетіне кешіріммен қарауға шақырды.

"2004 жылы Шымкент қаласында республикалық "Наурыз" айтысы өтті. 11-сынып оқитын кезім. Сол айтыстағы қарсыласым Мақсат Ақанов ағам болды. Яғни менің үлкен айтыстағы тұсауымды кескен ағам.

Содан бері сынаптай сырғып, аттай шауып, неше жыл өтіпті. Сыйластығымыз үзілмей, үлкен сахналарда бірге өнер көрсетіп келеміз.

Айтайын дегенім, кешелі бері әлеуметтік желіде Мақсат ағамның Шайырдағы айтысы талқыға түсіп жатыр екен. Тұнып тұрған талант, топтан озған тұлпар ағамның атына небір әңгіме айтылып жатқандықтан, тып-тыныш отыра беруге арым жібермеді.

Рас, жазды, жаңылды. Өзіне хабарласып, жағдайын сұрадым. "Ел алдында айыптымын" деп қатты қынжылып отыр.

Төл өнерді төрге оздырған бапкер халқым, ауырды жер, серінің еркелігін ел көтереді ғой. Мақсаттай біртуар ақынның ағат қылығына кешіріммен қараңыздаршы.

Сахнаға ес-түссіз шығып, бұтына елдің туын байлаған әлгі бір әншілердің де сорақы әрекетін кешірдіңіздер ғой.

Мұқағали ақынның Бауыржан Момышұлына:

"Ақын болып талай жерді араладым,
Жақсыменен жаманды сараладым.
Москваны қорғаған батыр аға,
Бір ініңді қорғауға жарамадың", — дейтіні бар еді ғой.

Қыз-жігіт айтысының озық үлгісін көрсетіп жүрген, сал-серілердің сарқытты бір ақынымызды кешіре алсақ, қорғай алсақ, жарар еді.

Мақсатымыз көп емес қой…", — деп жазды Нұрлан Есенқұлов.

Алуа Әшірбекова
Автордың басқа материалдары