Malim.kz
Әдебиет

Өлең қайтадан сәнге айналды: жастар поэзияға неліктен бет бұрып жатыр?

Айгүл Таңатар
https://godliteratury.ru/

Ұлыбританияда 2026 жылдың алғашқы 30 аптасында өлең кітаптарының сатылымы 8 миллион фунт стерлингтен асыпты: былтырғыдан 13,3%-ға өскен. Осы қарқын сақталса, жыл соңына дейін бұл көрсеткіш 15 миллион фунттан асып кетуі мүмкін.

Әдебиеттегі бұл үрдіске әлеуметтік желілердің ықпалы зор. TikTok пен Instagram-да танылған жаңа буын ақындары өлеңді қысқа, эмоциялық әрі түсінікті форматта ұсынып, жас оқырманға жақындай түскен. Махаббат, жалғыздық, күйзеліс, үміт сияқты тақырыптар әлеуметтік желі аудиториясына оңай жетеді.

Бірақ жастардың қызығушылығы тек жаңа ақындармен шектелмейді. Кристофер Ноланның «The Odyssey» фильмі шыққаннан кейін Гомердің 2700 жылдық «Одиссеясына» сұраныс күрт артқан көрінеді. Ұлыбританияда шығарманың баспа нұсқаларының сатылымы бір жылдағы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 1400%-ға өскен. Фильм әсерінен бұрын бұл шығарманы оқып көрмеген жас оқырмандардың да қызығушылығы артқаны байқалыпты.

Яғни, қазіргі тенденция қызық: жастар поэзиядан алыстаған жоқ, поэзияның өзін тұтыну тәсілі өзгерді. Өлең енді кітап сөресінде ғана емес, TikTok-та, Instagram-да, аудиода және кинода өмір сүріп жатыр.

Қазақстанда жастардың поэзияға қызығушылығы артқанын көрсететін нақты ұлттық статистика әзірге жоқ. Сондықтан бұл үрдісті жаппай құбылыс деп айтуға ертерек шығар. Алайда әлемдік әдеби нарықтағы өзгеріс қазақ поэзиясы үшін де маңызды сұрақ тудырады: жас оқырманға өлеңді қалай жеткіземіз?

Айгүл Таңатар
Автордың басқа материалдары