Malim.kz
Спорт

Олимпиада чемпионы Данияр Елеусізов ішімдікке тәуелді екенін айтты

Айбын Атабай
Фото: yeleussinovdaniyar

Олимпиада чемпионы Данияр Елеусінов өміріндегі қиын кезеңдер мен денсаулығына қатысты мәселелер туралы ашық айтты, деп хабарлайды Malim.kz.

Боксшы әлеуметтік желідегі үндеуінде спорттағы үлкен жетістіктерінен кейін бірқатар қиындыққа тап болғанын жасырмады. Оның айтуынша, Олимпиададан кейін алкогольге әуестік пайда болып, уақыт өте келе бұл мәселе тәуелділікке айналған.

«Олимпиададан кейін алкогольге деген әуестігім пайда болды. Оның қалайша ауруға айналып кеткенін өзім де түсінбеймін. Бірақ бұл күлетін нәрсе емес. Қазір адамдар мені сынап, мазақ етеді. Алайда адам мұндай жағдай өз басынан өткенде ғана оның қаншалықты қиын екенін түсінеді», – деді спортшы.

Данияр Елеусінов бір ай бойы оңалту орталығында ем қабылдағанын да айтты. Сонымен қатар өз кінәсінен уақытша ұстау изоляторында болғанын жеткізді.

Бұған дейін спортшының ұсталғаны туралы ақпарат тараған еді. Кейін сот шешімімен оның көлік жүргізу құқығынан жеті жылға айырылып, 20 тәулікке әкімшілік қамауға алынғаны хабарланған.

Олимпиада чемпионы жұртшылықты адамды бір қателігі үшін асығыс айыптамауға шақырды.

«Біз де адамбыз. Ешкім мінсіз емес. Менің де қиындықтарым, проблемаларым бар. Ең бастысы – денсаулық, жақындарымның, әйелім мен балаларымның жанымда болғаны. Ал адамдар бәрібір сөйлей береді», – деді ол.

Сонымен қатар боксшы алдағы жоспарларымен бөлісті. Данияр Елеусінов АҚШ-қа қайта оралып, Zuffa чемпионы атануды мақсат етіп отырғанын айтты.

Айта кетейік, оның кәсіпқой бокстағы соңғы жекпе-жегі 2025 жылғы шілдеде АҚШ-та өткен. Сол кездесуде Елеусінов филиппиндік Джеймс Бейконды техникалық нокаутпен жеңген.

Қазіргі таңда қазақстандық боксшының кәсіпқой рингтегі рекорды — 13 жеңіс, оның 8-і нокаутпен.

Айбын Атабай
Автордың басқа материалдары