Malim.kz
Әлем

Олимпиаданың бес дүркін чемпионы Франция президенттігіне үміткер екенін мәлімдеді

• Мадияр Қапанбек
Тедди Ринер. Фото: Mustafa Ciftci / Anadolu / Getty Images

Францияның әйгілі дзюдошысы, Олимпиада ойындарының бес дүркін чемпионы Тедди Ринер 2027 жылы өтетін президент сайлауына қатысатынын мәлімдеді. Спортшы ел басқаруға ниетті екенін әлеуметтік желідегі бейнеүндеуінде жариялады, деп хабарлайды Malim.kz.

37 жастағы спортшы Францияның қазіргі әлеуметтік-экономикалық жағдайына алаңдайтынын айтып, саясатқа келу туралы шешім қабылдағанын жеткізді.

"Менің есімім – Тедди Ринер. Бүгін сіздерге тура қарап, президент сайлауына түсетінімді мәлімдеймін", – деді ол.

Ринер бұған дейін кәсіби саясатпен айналыспағанын мойындады. Дегенмен ол Франциядағы әлеуметтік мәселелер мен экономикалық қиындықтарды шешуге өз үлесін қосқысы келетінін айтты.

Олимпиада чемпионы елдегі мемлекеттік қарыздың өсуі, тұрғындардың сатып алу қабілетінің төмендеуі және қоғамдық қауіпсіздік мәселелеріне назар аударды. Спортшының пікірінше, Францияға қоғамды біріктіріп, азаматтардың мемлекетке деген сенімін қалпына келтіруге ұмтылатын басшы қажет.

Тедди Ринер өзінің саяси ұстанымын дәстүрлі оңшыл немесе солшыл бағыттардың ешқайсысымен байланыстырмайтынын мәлімдеді. Ол сайлауалды науқанында француз қоғамының бірлігіне басымдық бермек.

Сондай-ақ спортшы сайлауалды ұранын "Біз қалайтын Франция" деп атаған.

Тедди Ринер кім?

Тедди Ринер – Францияның ең танымал спортшыларының бірі, дзюдодан Олимпиада ойындарының бес дүркін чемпионы және әлемнің бірнеше дүркін чемпионы.

Ол 1989 жылы 7 сәуірде Францияның Гваделупа өңіріндегі Пуэнт-а-Питр қаласында дүниеге келген.

Ринер 2008 жылы Бейжің Олимпиадасында қола жүлде жеңіп алды. Кейін 2012 жылы Лондонда және 2016 жылы Рио-де-Жанейрода өткен Олимпиадаларда жеке сында алтын медаль иеленді.

2021 жылы Токио Олимпиадасында командалық жарыста чемпион атанса, 2024 жылы Парижде жеке және аралас командалық жарыстарда алтын медаль жеңіп алды.

Осылайша, оның еншісінде бес Олимпиада алтыны бар.

Франциядағы президент сайлауы қашан өтеді?

Франциядағы кезекті президент сайлауының бірінші кезеңі 2027 жылғы 18 сәуірге жоспарланған. Егер кандидаттардың ешқайсысы бірінші кезеңде қажетті дауыс жинамаса, 2 мамырда екінші кезең өткізіледі.

Тедди Ринер сайлауға ресми кандидат ретінде тіркелуі үшін заң талаптарына сәйкес сайланбалы қызмет атқаратын кемінде 500 адамның қолдауын жинауы керек.

Мадияр Қапанбек
Автордың басқа материалдары