Malim.kz
Әдебиет

"Өліп кетсем, мені кім еске алады?": Ғабиден Мұстафиннің өміріндегі көпшілік білмейтін оқиғалар

• Мадина Ізекен
Фото: Malim.kz / ЖИ арқылы өңделген

Қазақ әдебиетінің көрнекті жазушысы Ғабиден Мұстафиннің өмірінде көпшілік біле бермейтін оқиғалар аз емес. Бала күнінде атастырылған қыздың әкесі кейін байып, құдалықтан бас тартпақ болған. Ал ауыр операция алдында қаламгер Сәбит Мұқановқа хат жазып, жазушы болу арманын жүзеге асыра алмай қалудан қауіптенген. Бір сапарында қазақша сөйлегеніне таңғалған ауыл тұрғыны оны орыс деп ойлаған. Биыл туғанына 124 жыл толған қаламгердің өміріндегі қызықты деректерге Malim.kz шолу жасады.

Ғабиден Мұстафин қазақ әдебиетіне "Шығанақ", "Миллионер", "Қарағанды", "Дауылдан кейін" және "Көз көрген" шығармаларымен танылды. Оның романдарында ауыл тіршілігі, өндіріс орындарындағы еңбек пен қоғамдағы өзгерістер суреттеледі. Алайда қаламгердің жеке тағдыры да күрделі оқиғаларға толы болды.

Жазушының өміріне қатысты көптеген қызықты мәлімет оның "Өмір белестері" атты өмірбаяндық жазбасындажәне Сәбит Мұқановтың "Ғабиден Мұстафин туралы" естелігінде сақталған. Бұл еңбектер қаламгердің шығармашылық жолымен қатар, басынан өткен қиындықтары мен замандастарымен қарым-қатынасын да танытады.

Байыған соң қызын бергісі келмеген: жазушының алғашқы отбасылық қайғысы

Ғабиден Мұстафин бала кезінде Пәтима есімді қызға атастырылған. Қыздың әкесі Әубәкір бастапқыда ауқатты болмағанымен, 1910 жылдан бастап саудамен айналысып, біртіндеп байи бастаған. Жағдайы түзелген сайын ол бұрынғы құдалықты жақтырмай, қызын бермеудің амалын іздеген.

Мұстафин "Өмір белестері" атты жазбасында бұл жағдайдың отбасына ауыр тигенін баяндаған. Әсіресе анасы баласының қорланғанына қатты күйзелген.

"Қарашығым, кешегі жалғыз үйлі жаман неме менсінбеді ғой", – деп жылаған анасының сөзін қаламгер кейін естелігінде келтірген.

Ақыры 1919 жылы Әубәкір қызын Ғабиденге ұзатады. Алайда жас отбасының бақыты ұзаққа созылмайды. Бір жылдан кейін Пәтима қайтыс болады. Бұл оқиғадан соң да бұрынғы қайын атасы мен жазушы арасындағы келіспеушілік тоқтамаған.

Мұстафиннің айтуынша, Әубәкірдің ауылдағы ықпалы күшейіп, олардың арасындағы тартыс күрделене түскен. Ақырында 1925 жылы болашақ жазушы Қызылордаға біржола кетеді.

Жастық шағында бастан өткерген бұл оқиғалар сол кездегі қазақ қоғамындағы әлеуметтік теңсіздік пен байлықтың адамдар арасындағы қарым-қатынасқа ықпалын көрсетеді. Кейін Мұстафин шығармаларында да осындай қайшылықтар маңызды орын алды.

Ауыр операция алдында Сәбит Мұқановқа хат жазған

Ғабиден Мұстафиннің өміріндегі ең әсерлі оқиғалардың бірі 1936 жылы болған. Сол жылы Сәбит Мұқанов Новосібір қаласына барған кезде ұзақ уақыт кездеспеген әріптесімен қайта жүздеседі. Мұқанов оның бұрынғыдан қатты өзгергенін байқайды. Сөйтсе, жазушы жақында ауыр операциядан өткен екен.

Сәбит Мұқановтың естелігі бойынша, Ғабиден бала кезінде аттан құлап, содан кейін ара-тұра іші ауыратын болған. Жылдар өте сырқаты күшейіп, дәрігерлер оның бір бүйрегінде тас барын анықтаған. Ақырында бүйрегін алып тастауға тура келген.

Операция алдында Мұстафин аман қалатынына сенімді болмаған. Сол сәтте Сәбит Мұқановты есіне алып, оған хат жазуды ұйғарған.

"Егер өліп кетсем, артымда мені ескерер кім бар?" – деп ойлағанын айтқан қаламгер.

Ол жазушы болу арманын толық жүзеге асыра алмағанына қынжылып, осы сезімін хат арқылы жеткізгісі келген. Бірақ жазғанын бірден жолдамаған. Операция сәтті аяқталғаннан кейін хатты жібермеуді шешкен.

Сәбит Мұқанов

Мұстафиннің осы әңгімесін естіген Сәбит Мұқанов қатты толқығанын жасырмаған. Сол кездесуде ол әріптесіне шығармашылыққа қайта оралып, Қарағандыдағы жұмысшылар өмірі туралы шығарма жазуға кеңес берген.

1938 жылы Ғабиден Мұстафин Алматыға көшіп келіп, "Әдебиет майданы" журналында қызмет атқара бастайды. Көп ұзамай Қарағанды тақырыбындағы алғашқы көлемді романына кіріседі. Ал 1940 жылы "Өмір не өлім" шығармасы жарық көреді.

Осылайша бір кездері жазушы болу арманын жүзеге асыра алмай қаламын деп қауіптенген қаламгер кейін қазақ прозасының көрнекті өкілдерінің біріне айналды.

"Әлгі орыс қазақшаға ағып тұр ғой!": жазушыны неге танымай қалған?

Ғабиден Мұстафиннің өмірінде күлкілі жағдайлар да болған. Соның бірін Сәбит Мұқанов әйгілі диқан Шығанақ Берсиев туралы роман жазуға байланысты сапармен байланыстырып баяндайды.

Жазушы Ақтөбе өңірінде материал жинап жүргенде Ойылдың құмды даласында қатты шөлдейді. Жол бойындағы киіз үйге кіріп, үй иесі болған егде әйелден сусын сұрайды. Әйел оған салқын құмға көмілген торсықтан шұбат құйып береді.

Ғабиден бір ыдысты ішіп, тағы сұрайды. Шөлін қандырғаннан кейін терлеп кетіп, сыртқа шығады. Сол кезде үйде қалған жүргізушіге әйел таңданысын жасырмай:

"Қарағым-ау, әлгі орыс қазақшаға ағып тұр ғой!" – деген екен.

Сәбит Мұқановтың айтуынша, Ғабиденді бұрын көрмеген адамдар кейде сыртқы келбетіне қарап басқа ұлт өкілі деп ойлаған.

Мұндай жағдай 1943 жылы Алматыда да қайталанған. КСРО Жазушылар одағының қызметкері Лев Поликарпов келгенде, Ғабиден Мұстафин мен жазушы Дмитрий Снегинді шатастырып, бірінің атымен екіншісіне амандасқан.

Мұқанов әріптесінің өмірінде осындай қызықты оқиғалардың көп болғанын айтып, оларды жинаса, тұтас бір кітап шығатынын жазған.

Сәбит Мұқановтың үйін паналаған кезі

Ғабиден Мұстафиннің өміріндегі қиын кезеңдердің бірі оның Алматыға қайта оралған жылдарымен байланысты.

Сәбит Мұқановтың естелігіне қарағанда, 1938 жылы Новосібірден отбасымен көшіп келген Ғабиденнің бірден баспаналы болуға мүмкіндігі болмаған. Сондықтан алғашқыда Мұқановтың үйіндегі террасаны паналаған.

Күз түсіп, күн суыта бастағанда ол Алматы хайуанаттар бағының арғы жағынан бөлме жалдайды. Бұл жер қала орталығынан алыс еді. Жазушы қызметтен кеш қайтқан күндері үйіне жету үшін қараңғы бақтардың арасымен жүруге мәжбүр болған.

Ол кезеңде мұндай жерлермен жүру қауіпті саналған. Тіпті бір күні Ғабиденнің үйінен қайтып келе жатқан Сәбит Мұқанов пен серіктеріне ұрылар тап берген. Олар қолдарына ағаш алып қорғанып, ақырында милиция қызметкерлерінің көмегімен құтылған.

Мұқанов бұл оқиғаларды әріптесінің алғашқы романын қандай тұрмыстық жағдайда жазғанын көрсету үшін баяндаған.

Баспана мәселесі мен күнделікті қиындықтарға қарамастан, Мұстафин шығармашылық жұмысын тоқтатпаған. Кейін оның Қарағанды кеншілерінің өміріне арналған романы жарық көрді.

Жазушының орындалмай қалған арманы қандай?

Ғабиден Мұстафин өмірінің кейінгі кезеңінде өзі көрген тарихи оқиғаларды қамтитын үш кітап жазуды жоспарлаған. Бұл туралы қаламгер "Толғану" атты мақаласында айтқан.

Оның пікірінше, өзі өмір сүрген дәуірде көркем шығармаға арқау боларлық оқиғалар өте көп болған. Бірақ олардың әрқайсысына жеке роман жазу мүмкін емес еді. Сондықтан жазушы маңызды тарихи кезеңдерді мемуарлық шығармаларға біріктіруді ұйғарған.

"Мен өзіміздің дәуірдің жылнамасы сияқты көркем шығармада үлкен өмірдің керек-ау деген тұстарынан ойып-ойып алып, үш кітап жазсам деп ойладым", – деген Мұстафин.

Жоспар бойынша бірінші кітап 1928 жылға дейінгі оқиғаларды қамтуы тиіс еді. Екіншісінде Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарын, ал үшіншісінде соғыстан кейінгі кезеңді суреттемек болған.

1963 жылы осы жоспардың алғашқы бөлігі – "Көз көрген" романы жарық көрді. Бірақ қалған екі кітап жазылып бітпеді.

Мұстафин мұның себебін денсаулығымен байланыстырған. Ол екінші кітапты аяқтауға үміті барын, бірақ күш-қуатының қаншаға жететінін білмейтінін айтқан.

Осылайша өзі куә болған бірнеше тарихи кезеңді үш кітапқа сыйғызуды армандаған жазушының жоспары толық жүзеге аспады. "Көз көрген" оның өмірінің алғашқы кезеңдерін бейнелейтін маңызды көркем мұра болып қалды.

Ғабиден Мұстафин қандай мұра қалдырды?

Ғабиден Мұстафин 1902 жылы қазіргі Қарағанды облысының аумағында дүниеге келген. Ол арнайы жоғары әдеби білім алмаса да, өз бетінше ізденіп, қазақ прозасының көрнекті өкілдерінің біріне айналды.

Әдебиет порталындағы өмірбаяндық мәліметтерге сәйкес, қаламгер 1953–1956 және 1962–1964 жылдары Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы қызметін атқарды. Оның шығармалары бірнеше тілге аударылып, әдебиеттанушылардың зерттеу нысанына айналды.

Жазушы 1985 жылы 20 қаңтарда 82 жасында дүниеден өтті.

Ғабиден Мұстафиннің өмірін тек атақты романдарымен шектеуге болмайды. Жастық шағындағы отбасылық қайғысы, ауыр операция алдында жазған хаты, тұрмыстық қиындықтары мен жүзеге аспаған шығармашылық жоспары оның көпшілік біле бермейтін қырларын ашады.

Әсіресе Сәбит Мұқановтың естелігі арқылы жеткен оқиғалар қаламгердің замандастары ортасындағы бейнесін толықтыра түседі. Дегенмен мұндай деректерді автордың жеке естелігі ретінде қабылдаған жөн.

Биыл туғанына 124 жыл толған Ғабиден Мұстафиннің өмір жолы оның шығармаларын жаңа қырынан тануға мүмкіндік береді. Өйткені әдебиет тарихында аты қалған жазушының өзі де кезінде арманына жете алмай қалудан қауіптенген, жақындарынан айырылған, түрлі қиындықтарды бастан өткерген адам болған.

Мадина Ізекен
Автордың басқа материалдары