Қытайдағы инфльюенс-маркет нарығы қазір 500 млрд долларға бағаланады. Блогерлер атақ шығарып, кейін оны ақшаға айналдыру үшін күндіз-түні эфирде отыруға мәжбүр. Себебі, келісім-шарт сондай: блогерге эфир ұйымдастыруға мүмкіндік берген "инкубатор фермалар" блогерлерді, эфирін тіпті ешкім қарап отырмаса да жұмыс істеуге мәжбүрлейді.
Бұл туралы VC басылымы Rest of World сайтына сілтеп жазыпты.
Қазір Қытайда бірдеңе сатуды міндеттемейтін, тек өзіңді айналдыруға мүмкіндік беретін мыңдаған агенттік бар екен. Ондай агенттіктер оңай ақша табуға құмарларды, әсіресе жастарды тез баурап алатын көрінеді.
58 жастағы каллиграфия мұғалімі Лю де сондай агенттіктердің бірінің құрығына түсіпті. Ол жұмыстан қолы боста караокеде ән салып, TikTok-қа жүктеп жүрген екен. Бір күні оған агенттік хабарласып, күніне төрт сағат эфирге шығып сөйлеп, онлайн-баттлдарға қатысуды ұсыныпты.
Лю ұсынысты қабыл алыпты. Бірақ 20 күн қатарынан эфирге шыққанымен, көрермендері көршілері мен таныстары болып қала беріпті, атағы шықпапты. Түк шықпайтынын түсінген Лю эфирге шығуды қоя салған екен - компания 200 мың юань немесе 27 мың АҚШ долларын талап етіп, сотқа беріпті. Дәл сол уақытта, компания жабдық беру және үйрету жөніндегі өз міндеттерін орындамаған екен.
Бұдан бөлек, әсіресе нәзік жанды блогерлерді тікелей эфирде ерсі қылық көрсетуге, билеуге, тіпті шешінуге мәжбүрлейтін агенттіктер көп екен. Бәрі де - жастардың мұндай жұмыстың байыбына бармай, оңай ақша табу үшін келісе кеткенінен болып отыр дейді басылым. Бұл нарыққа - заң тұрғысынан жасалған айла-тәсілге толы қауіпті алаң деген баға беріліпті.